Матч орталығы
«Бар шындық тек Михаилдың басында»: Шайдоровтың экс-бапкері ынтымақтастықты тоқтату туралы алғаш рет пікір білдірді
24 қараша, 09:26

Фото: Алексей Урманов және Михаил Шайдоров
Ресейлік маман Алексей Урманов мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен бірлескен жұмысты тоқтатуға қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Бапкердің айтуынша, қоштасу бастамасы Франциядағы Гран-при кезеңіндегі сәтсіз өнер көрсетуден кейін қазақстандық спортшы тарапынан болған.
«Мен бұл үшін ештеңе істеген жоқпын. Сондықтан логикаға салсақ, қандай да бір ақталу сөздерін айтуым ақымақтық болар еді. Ештеңе істемеген адам не үшін ақталуы керек? Ал барлық шындық тек Михаилдың басында ғана.
Менің шындығым – Франциядағы турнирді аса сәтті аяқтамағанымыз. Сол кезде мен оны құшақтап: «Мишка, мен кез келген сәтте сөйлесуге дайынмын. Тек белгі бер – екеуміз отырып, сөйлесеміз, әрі қарай не істейтінімізді ойластырып, қорытынды шығарамыз» дедім. Осыдан кейін спортшы менімен кездесуге келмеді, телефон арқылы хабарласып, қарым-қатынасымызды аяқтайтын шығармыз деді», – деді Урманов «Бес Допинга» телеграм-арнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ маман бұрынғы шәкіртімен болған соңғы әңгіме туралы айтып, Миландағы Олимпиада ойындарындағы жеңістен кейін Шайдоровтың өзгерген-өзгермегені туралы сұраққа жауап берді.
«Бірнеше күннен кейін Михаил маған қоңырау шалды, телефон арқылы оның өзіне жасаған барлық еңбегім үшін қаншалықты риза екенін сөйлестік. Мен: «Миша, он жылға жуық уақыт бойы расымен де өте жақсы жұмыс істеп, Олимпиаданың алтын медаліне қол жеткізгеніміз үшін саған алғыс айтамын» деп жауап бердім. Осымен – бәрі бітті.
Ол өзгерді ме? Біріншіден, мен басқа адамның ішіне кіріп шыға алмаймын. Екіншіден, Франциядағы турнирде не болғанын бақыласаңыздар, ол көп сұхбат берді, медианың назары соған ауды – сол кезде ол бәріне естіртіп өзінің мүлде өзгермегенін айтты», – деп қосты бапкер.
Еске сала кетейік, өткен аптада ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоров пен Алексей Урмановтың ынтымақтастықты тоқтатқанын растаған болатын. Кейінірек мәнерлеп сырғанаушының өзі әлеуметтік желіде қоштасу жазбасын жариялап, Миландағы 2026 жылғы Олимпиаданың тарихи алтынына жеткізген 10 жылдық бірлескен жұмысы үшін бапкеріне алғыс айтты.
Айта кетейік, тараптардың қоштасуы 2026/27 жылғы маусымның сәтсіз басталуы аясында орын алды: Франциядағы Гран-при кезеңінде Шайдоров оныншы орын алса (206,55 ұпай), Қытай кубогында бесінші сатыға тұрақтап (263,49 ұпай), мансабында алғаш рет серия финалына жолдама ала алмады.
Әлім Динасылов