Матч орталығы
Тырысып бағуда, бірақ нәтиже жоқ: Ван ’т Схиптің Қазақстан құрамасынан кетуіне не қалуына 5 себеп
6 қазан, 10:55

Фото: Джон ван 'т Схип
Қазақстан құрамасы үш матчта бірде-бір жеңіске жетпей, Ұлттар лигасы тобында соңғы орынға сырғыды. Сәтсіз старт нидерландылық маман Джон ван ’т Схиптің орнын шайқалтты. БАҚ мәліметінше, ол Фарер аралдарынан ұтылған жағдайда қызметінен кетуі мүмкін.
ASnews.kz авторы ҚФФ-ның «Аякстың» бұрынғы бапкеріне сенім артуына немесе онымен қоштасуына әсер ететін бес себепті қарастырды.
Үздіктер шақырылды
ҚПЛ-дың ондаған матчын тікелей стадионнан тамашалаған Ван ’т Схип елдегі ең мықты футболшыларды шақырды. Нәтижелі ойыны үшін «Ордабасы» жартылай қорғаушылары Жасұлан Әмір («гол+пас» жүйесі бойынша 11+8) мен Эльхан Астанов (8+10) шақырту алса, «қайраттықтар» сапынан Азамат Тұяқбаев пен Исмаил Бекболат дуэті халықаралық аренада дебют жасады. Жанкүйерлердің басым бөлігінің жастарды құрамаға қосу туралы өтініші қанағаттандырылды.
Оған қоса, алғашқы екі турда қақпаны әзербайжандық «Сабахпен» бірге Чемпиондар лигасында өнер көрсететін Стас Покатилов қорғады. 33 жастағы голкипер соңғы рет ел намысын былтырғы маусымда (Беларуське қарсы 1:4) қорғаған еді. Алайда оның көптен күткен оралуы команданы сәтсіздіктен құтқара алмады. Бәлкім, деңгейіміз осы шығар?

Батыл футбол ойнауға талпыныс
Шетелдік маман эстафетаны Талғат Байсуфиновтен қабылдап алып, төрт қорғаушыдан тұратын жүйені жалғастырды. Әли Әлиев пен Станислав Черчесов тұсында Қазақстан жиі үш қорғаушымен ойнайтын, ал бұл футболшылардың өздеріне ұнай қоймаған:
«Жаңа жүйеде біз басқаша әрекет ете бастадық – жақсы футбол көрсеттік. Төрт қорғаушымен ойнаған ұнайды», – деп мойындаған еді Әлібек Қасым 2026 жылғы ӘЧ іріктеуінде Лихтенштейнді тас-талқан еткеннен кейін (4:0).
Молдоваға қарсы кездесуде (1:2) құрама ойыншылары қақпаға 20 соққы бағыттады, бұл қорқақ футбол стиліне мүлдем ұқсамайды. Бірақ соның тек төртеуі ғана қақпаға дәл барды, ал тағы алтауына Лилиан Попеску шәкірттері тосқауыл болды. Ойыншылардың допты артқа және жақын тұрған серігіне қауіпсіз пас беруге бейімділігі олардың батыл(сыз)дығын нақты көрсетеді.
Негізгі ойыншылардың жарақаты
Жоғарыда аталған «Астана» қорғаушысының қатардан шығуы қорғаныстағы вариативтілікке әсер етті: Нұралы Әліп – Темірлан Ерланов жұбы турнир бойы бастапқы құрамда тұрақты өнер көрсетіп келеді. Сондай-ақ Дастан Сәтпаев, Ислам Чесноков және Максим Самородовтың жарақаттарынан туындаған шабуылдағы олқылықтардың орнын толтыру да қиынға соғуда.
«Ахматтың» 24 жастағы вингері енді ғана бабына келе бастады: қыркүйекте РПЛ аясында махачкалалық «Динамоға» қарсы матчта голдық пастардан тұратын дубль жасады (3:2). Ал ұлттық құрама сапындағы соңғы ойындарда Армения (1:1) мен Мажарстанды (1:3) қапаландырған еді, сондықтан тәжірибесі аз Әмірді оларды тең дәрежеде алмастыратын ойыншы деп айтуға келмейді.
Таргетмен рөлін Рамазан Кәрімов алды, бірақ мынаны ескеру маңызды – Словакия қақпасына соққан голына дейін (1:2) 27 жастағы форвард ұлттық команда жейдесінде небәрі бес рет қана алаңға шыққан. Оның ішінде екі рет – сонау 2021 жылы, ал сол кезден бері негізгі құрамның тек үш мүшесі ғана қалды. Өзара байланыс орнатылмаған.
Жаңаша көзқарасы бар білікті көмекшінің тапшылығы
Қазақстан құрамасындағы Ван ’т Схиптің штабына шетелде тәжірибесі бар бір ғана маман кірді: Вадим Боровский. Алайда Қарағанды тумасының жұмыс мүмкіншілігі шектеулі – ол физикалық дайындық бойынша бапкер.
«Тобыл» тәлімгері ретінде жеңген үш жүлдесі Нұрбол Жұмасқалиевті үш айдың ішінде екі рет қызметінен босатылуынан қорғай алмады, ал 36 жастағы Елдос Ахметовтың бұрынғы тәжірибесі тек жастар командасымен жұмыс істеумен ғана шектеледі. Шетелдік көмекшілерді шақыру мүмкіндігі туралы сұраққа бас бапкер былай деп жауап берді:
«Мен штабыма қанағаттанамын. Басынан-ақ жергілікті бапкерлермен жұмыс істегім келді және нәтиженің болмауы менің өз адамдарымды әкелмегеніме мүлдем қатысты емес», – деді 1988 жылғы Еуропа чемпионы.

Бірақ голландиялық маман басқаша айта алар ма еді? «Мельбурн Сити», «Зволле», «Аякс» және Грекия құрамасында оған Майкл Валканис ассистент болды, онымен бірге Христос Цолис («Арсенал») пен Вангелис Павлидис («Бенфика») сияқты жұлдыздардың бағын аша алды. Оған қоса, Эрик тен Хагтың бұрынғы жақын адамы Арон Винтер мен Хедвигес Мадуро да өз ойларымен бөлісетін.
Бір сөзбен айтқанда, жанында стандартты емес көзқарасы бар кеңесші болмағанда, еуропалық басшыны тағайындаудың еш мәні жоқ.
Қысқа мерзім
ҚФФ Талғат Байсуфиновтің отставкасын 22 маусымда қабылдады, ал Ван ’т Схиптің келуі туралы 7 тамызда белгілі болды. Функционерлер бір жарым ай ішінде қандай жұмыс атқарғаны – бөлек әңгіме. Бірақ бұл баяулық штабты жасақтауды қиындатты, өйткені жаздың соңы – әлеуетті ассистенттер жаңа жобалармен нақты шешім қабылдайтын кез.
Одан да маңыздысы, бұл фактор Ұлттар лигасына арналған дайындық деңгейіне соққы болып тиді. Күнтізбе ақпан айында жарияланды, ал бапкер қарсыластарды толыққанды талдап, тактикалық модель құрып, ойыншылармен 50 күнтізбелік күн ішінде танысып үлгеруі тиіс болды.
Ван ’т Схипке қарсы дәлелдер:
Салыстырмалы түрде жеңуге болатын қарсыластарға қарсы сүреңсіз ойын;
Тактикалық шешімдердің тым қарапайымдылығы;
Қазақстандық футбол мен мәдениетке жеткілікті деңгейде кіріспеуі;
Дағдарыс-менеджері ретіндегі дәрменсіздігі;
Нәтиженің жоқтығы.
Әзірге атақты шетелдіктің келуі қазақстандық спорттың қатал шындығын (жетекші ойыншылардың жарақаты, айналасындағылардың қарапайым біліктілігі және уақыттың тапшылығы) жасырып тұрған әдемі шетелдік бренд сияқты көрінеді. Голландиялық тәлімгер жағдайды жақсарта алмады, ал жанкүйерлердің шыдамы таусылуға жақын. Бүгінгі матч барлығын өз орнына қояды: бұл шабуылдайтын, бірақ әзірге ілгерілей алмай тұрған бағыт өмір сүруге құқылы ма, әлде елдің бас командасына мүлдем басқа басшы қажет пе…
Қазақстан—Фарер аралдары: Ұлттар лигасы ойынына болжам мен бәс тігу
Әлишер Аманжол