Матч орталығы
Қазақстан құрамасының қорғаушысы: Молдоваға қарсы агрессивті футбол жетіспеді
5 қазан, 16:56

Фото: Наурызбек Жагоров
Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Наурызбек Жагоров Фарер аралдарына қарсы Ұлттар лигасының матчы алдындағы дайындық барысымен бөлісіп, Молдовамен болған ойынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Ертеңгі ойынға толықтай дайынбыз. Соңғы матчтардағы нәтижелер көңілімізден шықпайды. Ертең жанкүйерлерді қуантып, қажетті нәтижеге жету үшін бар күшімізді саламыз.
Молдоваға қарсы ойында бізге агрессивті футбол жетіспеді. Екінші тайм басталғанда бұрыштамадан жылдам гол өткізіп алдық. Сосын өз ойынымызды тапқандай болып, шабуылға көбірек шықтық, қауіпті сәттер жасадық. Бірақ ойынды құтқаруға уақыт жетпеді.
Фарер аралдарының өз ерекшеліктері бар. Ертең күреске толы ойын болады деп күтіп отырмыз. Барлығына дайынбыз және өз ойынымыздан айнымаймыз», – деді Жагоров.
Қазақстан мен Фарер аралдары құрамалары арасындағы УЕФА Ұлттар лигасының матчы 6 қазанда Астанада өтеді. Бұған дейін Джон ван ’т Схип шәкірттері өз алаңында Молдоваға 1:2 есебімен жол берген болатын.
Қазақстан құрамасының шабуылшысы ауыр жарақатқа байланысты маусым соңына дейін қатардан шықты
Әлім Динасылов