Матч орталығы
«Тең нәтиже бізді қанағаттандырмайды»: Молдова бапкері – Қазақстанға қарсы матч туралы
1 қазан, 18:58

Фото: Лилиан Попеску
Молдова ұлттық құрамасының бас бапкері Лилиан Попеску матч алдындағы баспасөз мәслихатында Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстанға қарсы сырт алаңдағы ойыннан не күтетінін айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
Ауыр жол мен чартердің жоқтығы туралы
«Кеше кеш жеттік. Ұшулар болды, бірақ бұл – біздің кәсібіміздің бір бөлігі. Бұл біз үшін сылтау бола алмайды деп ойлаймын. Чартердің жоқтығы туралы айту дұрыс емес шығар. Бізде ондай мүмкіндік болған жоқ. Жағдайды қалай бар, солай қабылдау керек. Бұған немесе жасанды алаңға шағымданудың қажеті жоқ. Ертең ойын бәрін көрсетеді. Ең басты нәрсеге назар аударып, қолда бар мүмкіндіктерге сүйенуіміз қажет».
Турнирлік жағдай мен фаворит мәртебесі туралы
«Қабылдаушы команданың фаворит болуы – қалыпты жағдай. Бірақ ойын 0:0 есебімен басталады. Кім өзін жақсырақ көрсетсе, екі турдан кейінгі психологиялық фактор мен физикалық жағдайды кім жақсырақ еңсерсе – сол жеңіске жетеді. Кестедегі тығыздықты ескерсек, тең нәтиже бізді де, сіздерді де қанағаттандырмайды. Бұл ойындар – шешуші матчтар. Словакия – фаворит, бұл түсінікті. Бірақ сіздердің словактарға қарсы ойындарыңызды атап өткім келеді: сәл ғана шыдамай қалдыңыздар. Біз өте маңызды матчқа дайындалып жатырмыз. Ойыннан кейін барымызды салып, бір-біріміздің көзімізге қарап, лайықты футбол көрсеттік деп айтқанымызды қалаймын».
Қазақстандық футбол, «Ордабасы» мен «Қайрат» туралы
«Иә, 20 жыл бұрын мен «Екібастұздық» («Экибастузец») сапында ойнағанмын, бірақ ол енді тарих. Әрине, біз тек ұлттық құраманы ғана емес, Қазақстан чемпионатын да қадағалап отырамыз. «Ордабасыда» менің досым Андрей Мартин жұмыс істейді – олар чемпиондыққа жақын. Біз хат жазысып, араласып тұрамыз. «Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнаған кезде де бақыладық. Елдеріңіз үшін, жетістіктеріңіз үшін қуанамыз. Сіздерде чемпионатқа қомақты қаржы құйылып жатыр, ал инвестиция болған жерде – нәтиже де болады».
Қазақстан құрамасы мен Ван ’т Схиптің стилі туралы
«Ұлттық құрамаларыңызға келер болсақ: сіздерде бапкер ауысты. Біз бұған дайын болмадық, бірақ қазір, екі ойыннан кейін, ақпарат бар. Бұл мектеп бізге таныс. Менің субъективті пікірім – Қазақстан доппен көбірек ойнап, ойынды көбірек бақылауда ұстағысы келеді. Сіздерде жақсы, сапалы футболшылар, жастар көп. Ал командада жарақат алғандардың көп болуына біз назар аудармаймыз, біз көбінесе өз ойынымызға шоғырланғанбыз. Ертең турнирлік кестеге түбегейлі әсер етуі мүмкін өте маңызды матч өтеді».
Еске сала кетейік, УЕФА Ұлттар лигасы топтық кезеңінің үшінші тур матчы (С дивизионы, 3-топ) Қазақстан мен Молдова құрамалары арасында 2 қазанда Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Кездесу жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-ге жоспарланған. Өзара ойын алдында екі команда да бір-бір ұпайдан жинап, төрттіктің турнирлік кестесін қорытындылап тұр. Топта Словакия құрамасы көш бастап тұр (3 ұпай), ал екінші орында Фарер аралдары (2 ұпай) жайғасқан.
«Бізді ауыр шайқас күтіп тұр»: Челядник Қазақстан құрамасын бағалады
Әлім Динасылов