Матч орталығы
«Молдованы оңай жеңеміз деп айту – қате пікір»: ҚПЛ экс-шабуылшысы эксперттерге жауап қайтарды
1 қазан, 10:23

Фото: Игорь Бугаев
ҚПЛ клубтарының бұрынғы шабуылшысы Игорь Бугаев ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Ұлттар лигасы аясында өтетін Қазақстан мен Молдова матчы жайлы пікірімен бөлісті.
«Фарер аралдарына қарсы өткен соңғы ойындарды алсақ, қазіргі таңда бұл екеуі – деңгейлес командалар. Жалғыз айырмашылық – Қазақстан екі матчты сырт алаңда өткізді, ал Молдова үйде ойнады. Ойын құрылымында өзгешелік бар: чемпионатқа қарап бағаласақ, Қазақстанда күшке салып ойнайтын футбол басым. Ал Молдовада ол көбірек техникаға құрылған, олар доппен көп жүргенді жақсы көреді. Соңғы матчында молдовалықтардың есепте ұтылып жатып, таразы басын теңестіре алғаны және ойын соңында жақсы сәттер туғызғаны көрінді.
Әрине, екі құраманың да ФИФА рейтингінде 100-орыннан төмен тұрғанын көру жаныңа батады. Бірақ Қазақстан Молдованы менсінбейтіндей жағдайда емес. Қазақстан оларды да, Фарер аралдарын да оңай жеңеді деп тек сыншылар ғана қате пікір айтуы мүмкін. Қазір бәрі футбол ойнай алады. Фарер құрамасына зор құрметпен қараймын, бірақ бұрын оларды мүлдем қарсылас санамайтын едік, ал қазір олай емес.
Молдованы есептен шығаруға болмайды. Менің кезімде біз әлемдік рейтингте 37-орында тұрдық. Сол уақытта Қазақстанға келіп, жігіттермен «сендер нешінші орындасыңдар?» деп қалжыңдасатынмын. Иә, қазір молдовалық команда да қазақстандық құрама сияқты құлдырауды бастан кешіп жатыр: біздің буын кетті, жаңасы келді. Қазір бәрі қорғануды үйренді, сондықтан қарсыласты менсінбеу деген болмауы керек. Молдова – қандай ойын көрсететіні белгісіз команда», – деді Молдова құрамасының экс-шабуылшысы Бугаев.
УЕФА Ұлттар лигасы топтық кезеңінің үшінші тур матчы (С дивизионы, 3-топ) Қазақстан мен Молдова құрамалары арасында 2 қазанда «Астана Арена» стадионында өтеді. Өзара кездесу алдында екі команда да бір ұпайдан жинап, турнирлік кестені қорытындылап тұр. Топта Словакия көш бастаса, екінші орынға Фарер аралдары (2 ұпай) жайғасқан.
Ойыншы мансабында шабуылшы қостанайлық «Тобыл» сапында 104 матч өткізді (25 гол, 10 нәтижелі пас), елордалық «Астана» (бұрынғы «Локомотив») үшін 64 кездесуде (26 гол) өнер көрсетті, сондай-ақ павлодарлық «Ертістің» намысын қорғады. Қазақстандық командалармен бірге форвард ел Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған. Молдова ұлттық құрамасы сапында Бугаев 54 матч өткізіп, өз еншісіне сегіз гол мен үш нәтижелі пас жазды.
Әлім Динасылов