Матч орталығы
«Қайрат» болбойынан құрама ойыншысына дейін: словакиялық БАҚ Кенжебекке мақала арнады
29 қыркүйек, 18:14

Фото: Ғалымжан Кенжебек
Словакиялық Denník Šport басылымы Ұлттар лигасының матчы қарсаңында Қазақстан құрамасының вингері Ғалымжан Кенжебек туралы көлемді материал жариялады. Журналист Томаш Петро ойыншының Владимир Вайсспен танысуының әсерлі оқиғасын баяндап, қазақстандық футболшының өмірбаянындағы қызықты деректермен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Қазақ Бразилиясы» және бапкерлер орындығындағы кумирі
Мақала авторы Кенжебектің туған қаласы Таразды ұлттық құрама үшін басты таланттар шығатын «қазақ Бразилиясы» деп атап, ерекше сипаттаған. Алдағы матчтың тағы бір қызығы – Ғалымжанның өзінің кумирі Марек Гамшикпен кездесу мүмкіндігі. Ол қазіргі таңда словактардың бапкерлік штабында Владимир Вайсстың көмекшісі қызметін атқарады.
Доп тасудан «Слован» қақпасына соғылған голға дейін
Материалда Кенжебек пен Владимир Вайсс арасындағы байланысқа ерекше назар аударылған. 2025 жылдың көктемінде вингер жергілікті «Кошице» сапында өнер көрсетіп жүріп, словакиялық маман жаттықтыратын братиславалық «Слованның» қақпасына әдемі гол соққан болатын.
«Мен алматылық «Қайрат» академиясының түлегімін. Мен кішкентай бала болған кезде Вайсс бапкер бірінші команданы жаттықтыратын, ал мен оның ойыншыларына доп әкеліп беретінмін. Сондықтан ол мен үшін әрдайым ерекше бапкер болды», – деп келтіреді басылым Кенжебектің сөзін.
Кошицедегі сол матчтан кейін бапкер мен ойыншы жылы жүздесіп, тілдескен.
«Мен өзім барып, өзім туралы есіне салғым келген, бірақ ол өзі маған қарай келді. Құшақтап, мені өте жақсы білетінін және Словакияға көшіп келгеннен кейінгі сұхбатымды оқығанын айтты. Жағдайымды, бәрі дұрыс па деп сұрады. Мен оған Алматыда оның командасына доп тасығанымды айттым. Ол мұны есіне сақтап қалған екен, маған өте қуанышты болды», – деп бөлісті футболшы.
Вайсс: «Кенжебек стилі жағынан Гараслинге ұқсайды»
Владимир Вайсс «Қайраттың» бұрынғы болбойының әлеуетіне деген ілтипатын жасырмайды. Словакия құрамасының тәлімгері тіпті қазақстандықты өз командасының басты шабуыл жұлдызымен салыстырды.
«Оның өсіп-дамуы мені мүлде таңғалдырмайды. Бұл өте техникасы мықты футболшы, ол бізге гол соққан кезде оны «Кошицедегі» ойындарынан-ақ жақсы есте сақтап қалдым. Матчтан кейін біз кездестік – ол күлімсіреп, позитивті көңіл-күйде жүрді. Бұл қорғаушылар үшін өте ыңғайсыз, бірге-бір алдап өте алатын ойыншы. Қапталда ол Лукаш Гараслиннің стиліне қатты ұқсайтын әрекеттер жасайды», – деп атап өтті Вайсс.
Словакия мен Қазақстан құрамалары арасындағы Ұлттар лигасының екінші тур матчы 29 қыркүйекте «Кошице футбол аренасында» өтеді. Бастапқы ысқырық Астана уақытымен 23:45-те естіледі. Ғалымжан Кенжебек 2025 жылы жергілікті «Кошице» құрамында дәл осы стадионда өнер көрсеткен болатын.
Әлім Динасылов