Матч орталығы
«Қазақтар Словакияға қарсы лайықты өнер көрсетеді»: Молдова құрамасының бұрынғы футболшысының болжамы
29 қыркүйек, 15:30

Фото: Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
«Мақтаарал» мен Молдова құрамасының бұрынғы қорғаушысы Артем Розгонюк ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Ұлттар лигасы аясындағы Словакия мен Қазақстан арасындағы матчтан күтетін үміттерімен бөлісті.
Словактардан қауіптену керек пе?
«Меніңше, алаңға шыққан кез келген кәсіби футболшы қарсыласынан қорықпайтыны анық. Сен оның мықты және осал тұстарын түсінесің, құрметтейсің, бірақ кіммен ойнасаң да, қорықпауың керек. Мен Словакия—Молдова (2:0) матчын көрдім. Шынымды айтсам, алаң иелері аса бір мінсіз ойынмен таңқалдырған жоқ.
Алғашқы 20 минутта Молдовада гол соғатын мүмкіндіктер тіптен көбірек болды. Егер оларды жүзеге асыра алғанда, словактарда қиындықтар туындар еді деп ойлаймын. Стандарттан соғылған голдан кейін олар өздеріне деген сенімділікті сезініп, сабасына түсті де, ойынды толықтай бақылауға алды.
Жалпы алғанда, бұл – көптеген футболшылары ұзақ уақыт бойы бірге ойнап келе жатқан жақсы әрі тәжірибелі құрама. Көшбасшыларының қатарынан Шкриньяр мен Лоботканы бөліп айтар едім. Оған қоса команда физикалық және тактикалық жағынан өте жақсы дайындалған. Жеке шеберліктерін алатын болсақ, олар топтағы ең мықты команда болуы әбден мүмкін».
Ван ’т Схип неліктен бірден нәтиже бермейді?
«Қазақстан туралы пікір айту маған қиындау, өйткені Фарер аралдарына қарсы өткен соңғы ойынды (1:1) көрген жоқпын. Оның үстіне бас бапкер ауысты: бұл – оның алғашқы оқу-жаттығу жиыны, жаңа талаптар, ал жігіттер оған әлі де бейімделуі керек.
Қателеспесем, Сәтпаев жарақатқа байланысты келе алмады. Самородов пен Чесноков та солай. Менің ойымша, қазақстандықтарға басымдық сыйлайтын дәл осы жігіттер мен Кенжебек. Бұл – кез келген қарсыласқа дерлік қиындық тудыра алатын шабуыл шебі».
«Қазақтар лайықты өнер көрсете алады»
«Сондықтан Словакиямен өтетін матчта Қазақстан оңтайлы құрамда болмайды. Оның үстіне бұл – сырт алаңдағы ойын. Өз алаңында ойнайтын команда бәрібір белгілі бір басымдыққа ие болады – өз жанкүйерлері, ешқайда ұшудың қажеті жоқ, қалыпқа келу мен дайындық та оңайырақ. Бірақ қағаз жүзіндегі фаворит алаңда да фаворит болады деген сөз емес.
Меніңше, Қазақстан ұпайға таласып, лайықты өнер көрсете алады. Жігіттерге тек сәттілік пен жеңіс тілеу ғана қалды», – деді омыртқасының созылмалы жарақатына байланысты мансабын аяқтаған 30 жастағы молдовалық футболшы.
Сонымен қатар, Розгонюк қазақстандық футболдың дамуын әлі де бақылап отырғанын жасырмады:
«Қазақстандағы чемпионат пен жалпы жаңалықтарды қадағалап жүргендіктен, бір нәрсені атап өткім келеді. QJ League арқасында балалар футболының дамып жатқанына қуаныштымын. Көптеген командалардың стадиондар мен базалар салуды жоспарлап отырғаны да жақсы жаңалық. Бұл елдегі футболды дәріптеуге және оның өсуіне қатты көмектеседі. Ең бастысы, бұл жоспарлар іс жүзінде жүзеге асса болғаны», – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, 29 қыркүйекте Словакия Ұлттар лигасы топтық кезеңінің екінші туры аясында Қазақстанды қабылдайды. Алғашқы матчта Владимир Вайсс командасы Ондрей Дуданың соққан голы мен Михаил Герасименковтың автоголының арқасында Молдованы ұтқан болатын.
Артем Розгонюк 2022-2023 жылдар аралығында «Мақтаарал» сапында өнер көрсетті. Ол ұлттық құрама сапында 13 ойын өткізген.
Әлишер Аманжол