Матч орталығы
Футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуро-2027 іріктеуінде Австрияны ойсырата жеңді
14 қараша, 17:02

Футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U-17) 2027 жылғы Еуропа чемпионатының бірінші іріктеу раундындағы алғашқы матчында Австрия құрамасын талқандады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Грузияның Кутаиси қаласында өтіп жатқан 14-ші топтың кездесуі қазақстандық команданың 7:0 есебімен айқын жеңісімен аяқталды. Русланжан Раимбакиевтің шәкірттері ойын тізгінін алғашқы минуттардан-ақ өз қолдарына алды: 19-минутта Роман Черноморец есепті ашты. Көп ұзамай Ануар Толенды басымдықты еселеп, артынша дубль авторы атанды. Ал 35-минутта Салим Хасанов төртінші допты соғып, бірінші таймның өзінде ірі есепті орнатты.
Үзілістен кейін Қазақстан құрамасы қарқынын бәсеңдеткен жоқ: матчтағы екінші голын Черноморец соқса, Ислам Рашидов та мергендігімен көзге түсті, ал кездесуге нүктені Ибрахим Асан қойып, ойынның түпкілікті нәтижесін белгіледі – 7:0.
Қазақстандық жасөспірімдер мини-турнир аясындағы келесі матчын 17 қараша күні жарыс қожайындары – Грузия U-17 құрамасына қарсы өткізеді.
Ахмет Ержанов