Матч орталығы
«1:1 есебіне лайық болдық»: Джон ван’т Схип Молдовадан ұтылған соң не деді?
14 қараша, 01:05

Фото: Джон ван’т Схип
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван’т Схип Ұлттар лигасының бесінші туры аясында Молдоваға қарсы өткен сырт алаңдағы матчтың (1:2) қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Ойын барысы мен өткізіп алған голдар
«Қарсылас тамаша гол соқты, 35 метрден бағытталған мұндай соққыдан кейін Стас [Покатилов] қақпаны аман алып қала алмас еді. Жалпы алғанда, біз оларға көп мүмкіндік жасауға жол бермедік. Екінші таймда ойынды жақсырақ бақылауда ұстап, 1:1 есебіне лайық болдық. Олардың екінші голына дейін алаңда айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Олар әуелете берілген доптан кейін гол соқты, ал одан кейін таразы басын теңестіру өте қиынға түсті»
Тактикалық өзгерістер мен тәуекел
«Біз тәуекелге баруға тырыстық: шабуылшыны, вингерлерді шығардық, латеральдар шабуылға белсендірек қосыла бастады. Сонымен қатар, олардың шабуылдағы үштігіне қарсы үш орталық қорғаушымен ойнадық. Екінші таймның басым бөлігін бақылауда ұстадық және командадағы теңгерімді сақтағымыз келді»
Ойыншылардың әрекетін бағалауы
«Самородов пен Чесноков жақсы ойнады. Екінші таймда біз Әмірді жоғарырақ көтердік, содан кейін ойынды күшейту үшін Кенжебек пен Айбарды шығардық. Мрынский қолдан келгеннің бәрін жасады – ол қорғаныста сенімді болды, дегенмен шабуылда оған оңайға соққан жоқ. Вороговский қосалқы құрамнан шығып, біз одан не күтсек, дәл соны берді»
Команда психологиясы мен алдағы жоспарлар туралы
«Команданың қалыптасуы уақытты және төрт матчтан кейін сәл төмендеп кеткен сенімділікті қажет етеді. Бірақ біз апта бойы жақсы жұмыс істедік. Жалпы алғанда қорғанысымыз жаман болған жоқ, дегенмен қапталдан әуелете доп асырған кезде қиындықтар туындады. Сол Чесноковтың өзінде тағы бір жақсы мүмкіндік болды, бірақ біз гол соға алмадық. Келесі матчта алаңға басқа футболшылар шығады, біз құрамдағы өзгерістерді ойластырамыз», – деді маман.
Еске сала кетейік, Кишиневтегі кездесу алаң иелерінің 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Қазақстан құрамасы сапынан жалғыз голдың авторы Ислам Чесноков атанды. Ван’т Схип шәкірттері келесі матчты 16 қараша күні «Астана Аренада» топ көшбасшысы – Словакия құрамасына қарсы өткізеді.
Әлім Динасылов