Матч орталығы
Қазақстан құрамасының экс-ойыншысының әкесі ұлында қос азаматтық болғанын мойындады
20 қыркүйек, 14:18

Фото: Евгений Ловчев
Мәскеулік «Спартак» пен КСРО құрамасының бұрынғы футболшысы Евгений Ловчев ұлы Евгенийдің қазақстандық клубтардағы мансабын еске алып, оның ұлттық құрамадағы ойынына қатысты даулы жайттармен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Қазір біреуді істі қылып жіберуі мүмкін нәрсені айтайын (күледі). Женя Қазақстан құрамасына шақырту алғанда: «Сен олар үшін қалай ойнап жүрсің?» деп сұрадым. Ол: «Келгенімде ресейлік паспортымды алып қойып, орнына қазақстандық төлқұжат береді», – деді. Төбемнен жай түскендей болды: «Есің дұрыс па? Біздің тегіміз бірден көзге түседі ғой», – дедім. Осылайша ол құрамадағы мансабын аяқтады», – деді Ловчев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында қос немесе бірнеше азаматтыққа қатаң тыйым салынған. ҚР Конституциясына сәйкес, азаматтың басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды, ал шетелдік төлқұжат алу Қазақстан азаматтығынан автоматты түрде айырылуға әкеп соғады.
Басқа елдің азаматтығын алғаны туралы 30 күндік мерзімде хабарламағаны немесе ҚР азаматының құжаттарын оны жоғалтқаннан кейін пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Тәртіп бұзушыларға 200 АЕК (2026 жылы 865 000 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, ел аумағынан шығарылуы мүмкін. Сонымен қатар, басқа мемлекетте тұруға ықтиярхат алу азаматтық болып саналмайды және оған заңмен тыйым салынбаған.
Мансабының осындай шумен аяқталғанына қарамастан, Ловчев ұлының Қазақстандағы жетістіктерімен мақтанады.
«Мен КСРО-ның үздік футболшысы жүлдесін алып, содан дәл 30 жыл өткен соң Женяны Қазақстандағы үздік ойыншы деп таныды. Елордалық клубтың чемпиондық құрамында ол капитан болды, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде молдовалық «Шериф» қақпасына қазақстандық футбол үшін тарихи және алғашқы голды соқты. Оған қоса ол Криштиану Роналдудың Португалия сапындағы алғашқы матчында ойнап үлгерді (2003 жылдың тамызы, 1:0). Одан бөлек, ойыннан кейін португалиялықтардың бапкері Луис Фелипе Сколари баспасөз мәслихатында Женяны жеке атап өтті», – деп қосты экс-ойыншы «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында.
Евгений Ловчевтің ұлы 2003-2004 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғады. Ол бас команда жейдесінде тоғыз матч өткізіп, бір гол соққан.
Клубтық деңгейде жартылай қорғаушы елордалық «Жеңіс» (2001–2003), алматылық «Қайрат» (2004–2005), қостанайлық «Тобыл» (2006) және қарағандылық «Шахтер» (2007–2008) клубтарының намысын қорғады. «Жеңіс» сапында футболшы екі рет Қазақстан Кубогының иегері атанды (2001, 2002).
«Астананың» экс-ойыншысы Қазақстандағы заңсыз қаржылық махинацияларды әшкереледі
Әлім Динасылов