Матч орталығы
Дархан Қызайбаев: біз Андрей Мартинге сенеміз
5 қараша, 13:40

Фото: Андрей Мартин
«Ордабасы» директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қызайбаев бас бапкер Андрей Мартиннің болашағы туралы айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Чемпиондықты алғаннан кейін әртүрлі ақпарат көбейіп кетті. «Рафаэль Уразбахтин келе жатыр, Григорий Бабаян келе жатыр» деген әңгімелер болды. Ол жаттықтырушыларды біз жақсы білеміз, құрметтейміз де. Менің ойымша, қазақстандық жаттықтырушылардың ішінде олар топ. Әсіресе биылғы маусымдағы «Астананың» осындай қаражатымен, жағдайымен комбинациялық ойын көрсеткені жоғары деңгейде. Бірақ біздің өзіміздің бапкеріміз бар – Андрей Мартин, біз оған сенеміз», – деді Қызайбаев.
Сонымен қатар, функционер маманның келісімшарты аяқталуға жақын екенін, алайда оны ұзарту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.
«Алдымызда кубок финалы бар. Кубоктан кейін командамен бірге отырып, Андрей Михайловичтің болашағы жайында нақты шешімге тоқталамыз. Ол – клуб президенті Жасұлан Барманқұловтың еншісіндегі сұрақ, бұл нәрсені ол өзі шешуі керек. Бірақ мен Андрей Михайловичтен «біз тек чемпиондыққа барамыз, сіз дайынсыз ба?» деп сұрағанда, ол дайын екенін айтты. Ол кісіге көп рақмет. Ол «Ордабасының» дәл осы чемпиондығынан кейін тарихи тұлға атанды және клуб аңыздарының бірі болып қалады.
Андрей Мартин кетеді деп біз өзара сөйлеспедік те, ондай әңгіме жоқ. Келісімшарт алдағы қараша айының соңына дейін жарамды. Ол созылуы да мүмкін. Мүмкін, созылады деген ниеттемін әрі үміттенемін», – деп қосты «Ордабасы» өкілі «Бірінші бол» подкастында.
Айта кетейік, Андрей Мартиннің баптауымен шымкенттік «Ордабасы» КПЛ-2026 маусымында Қазақстан чемпионы атанды. Сенбі, 7 қараша күні шымкенттік клуб Түркістанда өтетін Қазақстан кубогының финалында қызылордалық «Қайсармен» кездеседі.
Әлім Динасылов