Матч орталығы
ҚФФ бас хатшысы – құраманың бапкері жайлы: Ван 'т Схип ақшаның артынан қумайтын адам
27 тамыз, 13:06

Фото: Скотт Манн және Джон ван’т Схип
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн Джон ван’т Схипты неліктен ұлттық құрамаға бас бапкер етіп тағайындағанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Бізде бас бапкер қызметіне алты-жеті нақты кандидат болды. Арасында АПЛ-да жұмыс істегендері де, Азияда бапкерлік еткендер де, тіпті әлем чемпионатында ұлттық құраманы басқарған мамандар да бар. Олардың барлығы қазақстандық футболшылардың менталитетін түсініп, тіл табыса алатын бапкерлер. Бірақ кейбір бапкерлердің мықты тактикалық концепциялары біздің ойын стилімізге келіңкіремейтіндіктен, олар Қазақстанда қиналып қалар еді.
Ал Джонның артықшылықтары мен үшін айқын көрініп тұрды: ол кезінде «Аяксты» қиын-қыстау кезеңде қолына алды. Соның өзінде команданы еурокубокқа алып шықты. Бірақ Армения құрамасындағы жұмысы сәтсіз болды. Мен бұл туралы Джонмен ашық сөйлестім. Ол командаға турнирдің басталуына екі апта қалғанда келгенін басты себеп ретінде айтты. Ойыншыларды танып-зерттеп үлгермеген. Ал біздегі артықшылық – ол Қазақстанға ерте келіп, стадиондарды аралап, матчтарды өз көзімен көріп жатыр. Мен оны ақтап отырған жоқпын. Бірақ біз бұл жағдайдың барлығын мұқият сараптадық. Джонды жұмыссыз жүр екен деп шақыра салған жоқпыз.
Джонмен арада нақты келісім бар. Ұлттар лигасы аяқталған соң қалай жұмыс істейтінімізді бірге шешеміз. Ол біздің қойған бұл шартымызбен толықтай келісті. Мен өзім толықтай сенімді болмаған бапкермен Еуропа чемпионатына дейін екі жылдық келісімшарт жасасқым келмеді. Джонның басты мақсаты – команданы Ұлттар лигасынан аман-есен өткізу. Құрамды жасақтаған кезде Еуропа чемпионатына шығу үшін жас футболшыларды тарту керек деп отыр. Демек, ол Ұлттар лигасынан өтетінімізге іштей сенімді», – деді Скотт Манн «Бірінші бол» арнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ ҚФФ бас хатшысы жаңа бапкердің жалақысына да тоқтала кетті:
«Келісімшарт жасасқан кезде федерация басшысының қойған басты талабы ұйымды артық қаржылық тәуекелге ұрындырмау болды. Қаржылық шектеудің бар екенін, соның аясынан шығып кетпеуімді сұрады. Бағымызға орай, Джон маған бұрыннан таныс және ақшаның артынан қумайтын адам. Ертең ойындардың бәрінде жеңіп, топтан бірінші орынмен шықсақ, келісі шартты ұзарту кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Сол кезде сіздер маған «неге әу баста ұзақ мерзімді келісімшарт жасападыңдар» деп тағы да ренжисіңжер».
Джон ван’т Схип Қазақстан құрамасының қыркүйек пен қазан айындағы ойындарына арналған кеңейтілген тізімін жариялады.
Ұлттық құрама Ұлттар лигасы аясында Фарер аралдары, Словакия және Молдовамен күш сынасады.
Ернар Ламқадыров