Матч орталығы
Йонсен «Ордабасының» мүмкін алтын дублі туралы: 35-ші туған күніме ең жақсы сыйлық
23 қазан, 20:51

Фото: Бьорн Йонсен
Шымкенттік «Ордабасының» шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz сайтына берген сұхбатында чемпионаттың соңы мен Қазақстан Кубогының «Қайсарға» қарсы финалына құрған жоспарларымен бөлісті.
«Туған күніме (6 қараша – еск.) екі трофей сыйлық болуы керек. Бірақ, жалпы алғанда, бұл күлкілі жағдай: кәсіпқой атанғалы бері жыл сайын дерлік туған күнімде, не оның алдында, не келесі күні алаңға шығып жүрмін. Сондықтан бұл мен үшін қалыпты жағдайға айналды, финалда ойнай алатыныма қуаныштымын», – деді шабуылшы.
Қазақстанда соңғы рет алтын дубльге (чемпионат пен Кубоктағы жеңіс) 2016 жылы «Астана» қол жеткізген болатын. Йонсен осы жетістікті қайталау мүмкіндігі оның ҚПЛ-ға ауысуына басты түрткі болғанын жасырмайды:
«Әрине, біз тарих жасауды ойлаймыз. Мен «Ордабасыға» келмес бұрын, басшылықпен және бапкермен сөйлескен кезде біздің басты идеямыз тарихқа ену болды. Клуб қожайындарының нақты көзқарасы бар: олар команданы тек қазір емес, болашақта да есте сақтағанын қалайды. Бұл амбициясы зор клуб және дәл осы амбициялар менің ауысуыма басты себеп болды. Осындай сәтте бұл жерде болғаныма мақтанамын және дегенімізге жетеміз деп үміттенемін».
«Ордабасыға» ауысқан сәттен бастап Бьорн Йонсен барлық турнирлерде 18 матч өткізіп, 16 гол соқты және төрт нәтижелі пас берді.
Чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда «Ордабасы» 67 ұпаймен турнирлік кестеде сенімді түрде көш бастап тұр және алматылық «Қайраттан» төрт ұпайға озып келеді. Шымкенттіктер ертең, 24 қазанда ҚПЛ-дың 29-туры аясында елордалық «Жеңіске» қарсы өз алаңында өтетін матчта чемпиондықты рәсімдей алады. Ел Кубогының қызылордалық «Қайсарға» қарсы финалы 7 қарашаға жоспарланған.
Бьорн Йонсен | Ордабасымен тарих жазу, Эдегор мен Холандпен бірге ойнау, Қазақстандағы рекордтар
Әлім Динасылов