Матч орталығы
«Шахтер» ҚПЛ-ға оралды: Қарағандыда бірінші лига чемпиондары марапатталды
24 қазан, 11:08

Қарағандыдағы Достық үйінде бірінші лиганың алтын медалін жеңіп алып, екі жылдан соң Қазақстан премьер-лигасына қайта оралған «Шахтер» футбол клубына құрмет көрсетуге арналған ресми іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға ойыншылар, бапкерлер штабы, команда басшылығы, сондай-ақ клуб жанкүйерлері мен ардагерлері жиналды. Кездесу аясында жеңісті маусымның қорытындысы бойынша жекелей марапаттар табысталды. Үздіктер қатарында:
Үздік сұрмерген – Артем Литош;
Үздік қақпашы – Игорь Шацкий;
Үздік жас ойыншы – Нұрәлі Азатқазы;
Үздік гол авторы – Арман Нүсіп.
Үздік шыққан футболшыларға арнайы мүсіншелерді команданың бас бапкері Андрей Финонченко мен қарағандылық футбол ардагерлері – Руслан Иманқұлов, Петр Асылбаев және Сергей Мищенко табыс етті. Ресми бөлім дәстүрлі түрде чемпиондық кубокты көтерумен аяқталды.
Әлім Динасылов