Матч орталығы
Нұрдәулетов – болашағы туралы: екі-үш жылдық келісімшарт ұсынса, бірінші лигада жұмыс істеуге болады
26 қараша, 16:30

Фото: Қайрат Нұрдәулетов
«Жетісу» клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов маусым аяқталар тұста «Қайсар» клубынан ұсыныс түскенін айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Әлі ешкіммен келісімшартқа отырған жоқпын. Бірақ сөйлескеніміз рас. «Қайсардың» өкілдері хабарласып, өз ұсыныстарын айтты. Бірақ әлі нақты жауапты мен де, олар да берген жоқ. Әзірге тек қызығушылық бар.
Олар чемпионаттың аяқталуына алты тур қалғанда хабарласты. «Жетісу» ұшатын команда ғой, одан да бізге кел, жұмыс жасайық» деп айтты. Бірақ бір кемеде болған соң, «Жетісуды» қиын кезде тастап кеткім келмеді. Бұл ұсынысты жасаған «Қайсардың» өкілдері қазір басшылық қызметтен кетіп қалды.
Негізі ҚПЛ-да қалып, сол жақта жұмыс істегім келеді. Алайда жақсы жоба болып, алдына үлкен мақсаттар қойып, бір емес, екі-үш жылдық келісімшарт ұсынса, бірінші лигада жұмыс істеуге болады. «Жетісудан» да әлі ұсыныс түскен жоқ. Олармен келісімшартым қараша айының соңында аяқталады», – деді Қайрат Жұмабекұлы «Соққы және гол» арнасындағы подкастта.
44 жастағы маман жаттықтырған «Жетісу» да, оған ұсыныс жасаған «Қайсар» да өткен маусымның қорытындысы бойынша ҚПЛ-дан ұшып кетті.
Қайрат Нұрдәулетов: қорқатын түгі жоқ, ұлттық құраманы баптауға дайынмын
🔥 Ең соңғы жаңалықтар, инсайдтар мен трансферлер – біздің Telegram арнамызда.
Ернар Ламқадыров