Матч орталығы
«Жеңістің» швециялық экс-легионері: ҚПЛ командаларына тактикалық сауаттылық жетіспейді
26 қараша, 11:08

Фото: Беньямин Йертстранд
Елордалық «Жеңістің» бұрынғы қорғаушысы Беньямин Йертстранд ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында 2024 жылы Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен кезеңін еске алып, клубтан не себепті жарты жылдан соң кеткенін түсіндірді.
«Қазақстандағы ойын тәжірибем мен үміттенгендей болмады, бірақ футболда мұндай жағдайлар болып тұрады. Көшіп келгенге дейін жергілікті лига туралы және не күтуге болатынын көп біле бермейтінмін. Мұндағы ойыншылардың жеке шеберлік деңгейі жоғары екенін тез түсіндім, алайда сонымен бірге көптеген командаларға мен Швецияда үйреніп қалған тактикалық сауаттылық жетіспейді.
«Жеңіс» сапындағы бұл маусым біз үшін өте ерекше болды. Біз өз алаңымыздағы матчтарды Астанадан шамамен үш сағаттық жерде орналасқан Қарағандыда өткіздік, соның салдарынан әрбір үй ойыны сырт алаңдағы кездесу секілді сезілетін. Бұдан бөлек, маусымды сәтсіз нәтижелермен ауыр бастадық, сондықтан жазғы трансферлік терезеде клуб жаңа футболшылар шақыруды ұйғарды.
Мен сол құрамдағы кейбір ойыншылармен әлі күнге дейін байланыстамын. Менің білуімше, келесі жылы команда өз алаңындағы матчтарын «Астана Аренада» өткізе бастаған соң, клубтың ісі әлдеқайда алға басқан», – деді Йертстранд.
Еске сала кетейік, 32 жастағы швециялық қаптал қорғаушысы 2024 жылдың қаңтарында «Хальмстадтан» «Жеңіске» ауысқан болатын, бұл оның мансабындағы алғашқы шетелдік тәжірибесі еді. Елордалық клуб сапында жарты маусым ішінде алты матч өткізіп, сол жылдың тамызында финляндиялық «Экенес» клубына ауысты.
Бұған дейін ол швециялық «Мьельбюдің» «Қайратқа» қарсы матчтағы мүмкіндігін де бағалаған болатын.
🔥 Ең соңғы жаңалықтар, инсайдтар мен трансферлер – біздің Telegram арнамызда.
Әлім Динасылов