Матч орталығы
Скотт Манн өз жалақысы туралы ақпаратқа жауап берді
17 қараша, 15:49

Фото: Скотт Манн
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Скотт Манн өзінің жалақысына қатысты сынға, аяқталған маусымдағы төрешілік деңгейіне және төрешілер департаментінің жұмысына түсінік берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Өзімді өте анық жеткізуге рұқсат етіңіздер. Мен Англияда қалып, мұндағыдан әлдеқайда көп ақша таба алатын едім. Мұнда келу шешімім ақшаға негізделмеген.
Төрешілікке келетін болсақ, лиганың аяқталуына екі апта қалғанда чемпионның кім болатынын білмедік, ал төрт клуб премьер-лигада қалу үшін таласты. Бұл – бәсекелестіктің белгісі. Соңғы алта аптада түрлі айыптауларды естідім. Мен келмей тұрып, былтыр Sportsradar тарапынан 24 күмәнді матч тіркелгенін білеміз. Төрешілерге кінә арту әрдайым оңай, бірақ маусым соңына қарай сапа қанағаттанарлық деңгейде болды, сұрақтар туындаған жоқ. Әрине, бізде әлі де шешімін күтетін міндеттер бар – бізге төрешілер жетіспейді, бұл жүйені жастардан бастап өсіріп, оларды оқыту және қорғау қажет.
Нуну Каштру (төрешілік департаментінің директоры – еск.) туралы айту орынсыз. Біз матчтарға қай төрешінің шығатынын бекітетін тәуелсіз төрешілер комитетін тағайындадық. Мен әр түрлі айыптауларды естідім, түрлі жағдайларды көрдім. Біз әлемдегі ең озық тәжірибені – төрешілерді тағайындайтын тәуелсіз комитетті енгізіп жатырмыз. Біздің істей алатынымыз – әлемдік стандарттарды ұстану және ешқандай «күңгірт» әдістерге жол бермеу. Бізге әрдайым төрешілер керек, олардың саны көп болуы тиіс, біз оларды оқытып, қорғауымыз керек», – деді Манн.
Бұған дейін БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілерде Скотт Маннның жалақысы жылына 1 миллион долларды құрайды деген ақпарат тараған болатын. Оған жауап ретінде ҚФФ ресми мәлімдеме жасап, бұл деректердің шындыққа еш қатысы жоқ екенін қатаң түрде жоққа шығарған еді.
Сонымен қатар, Манн ұлттық құрамадағы кадрлық өзгерістерді де мәлімдеді: келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип өз қызметінен кетеді.
Әлім Динасылов