Матч орталығы
Карел Герартс деген кім: өмірбаяны, «Юнион», «Шальке» және оған «Ордабасы» неліктен қызығушылық танытып отыр?
12 қараша, 12:03

Фото: Карел Герартс
Журналист Эльдар Аманбаев шымкенттік «Ордабасы» бельгиялық маман Карел Герартспен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
ASnews.kz оның кім екенін баяндайды: Бельгия құрамасының бұрынғы ойыншысы, қарапайым «Юнионды» Еуропа лигасының ширек финалына шығарған, кейін «Шальке» мен «Реймсте» жұмыс істеген бапкер.
Ол кім?
Карел Герартс 1982 жылы 5 қаңтарда Фландриядағы Генк қаласында дүниеге келген. Қазір 44 жаста. Орталық жартылай қорғаушы ретінде ойнаған, бойы – 186 см.
Ойыншы ретіндегі мансабы
«Брюгге» түлегі, бұл клубта мансабының екі кезеңін өткізді. Алғашқысында, 2000–2004 жылдар аралығында алаңға сирек шыққанымен (тоғыз матч), командамен бірге Бельгия чемпионаты мен Кубогын жеңіп алды. Одан кейін «Локеренге» жалға беріліп, «Стандард» сапында үш маусым ойнады – 93 матч пен 16 гол, бұл оның футболшы ретіндегі ең үздік кезеңі болды.
2007 жылы Герартс «Брюггеге» негізгі құрам ойыншысы ретінде оралды: төрт жыл ішінде 119 матч өткізіп, 15 доп соқты. Мансабын «Ауд-Хеверле Лёвен» (2011–2014) және «Шарлеруа» (2014–2016) клубтарында аяқтады. Жалпы клубтық мансабында 348 матч өткізіп, 46 голдың авторы атанды.
Бельгия ұлттық құрамасында 2005–2009 жылдары 20 кездесу өткізіп, төрт гол соқты. Алғашқы добын әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Литва қақпасына енгізді. 2017 жылдың қаңтарында ойыншы мансабын аяқтайтынын жариялады.
Бапкерлікке қалай келді?
Футболмен ойыншы ретінде қоштасқаннан кейінгі алғашқы жұмысы – 2017 жылы «Остенде» клубының спорттық үйлестірушісі қызметі болды. Содан кейін төрт жыл бойы «Юнион Сент-Жиллуаз» клубында Томас Кристиансен мен Фелис Маццудың көмекшісі болып еңбек етті.
Бұл клуб үшін тарихи кезең еді. 2021 жылы «Юнион» 48 жылдық үзілістен соң Бельгияның жоғары дивизионына оралып, бірден екінші орын алды – чемпиондықты тек плей-офф кезеңінде «Брюггеге» беріп қойды.
Басты маусым: Еуропа лигасы және уыстан шыққан чемпиондық
2022 жылдың жазында Маццу «Андерлехтке» ауысып, команда тізгінін Герартс өз қолына алды. 2022/23 жылғы маусым оның бапкерлік мансабындағы, бәлкім, «Юнион» тарихындағы ең табысты кезең болды.
Еуропа лигасында команда берлиндік «Унион», «Брага» және «Мальмёні» артта қалдырып, топта бірінші орын алды да, ширек финалға дейін жетіп, «Байерге» есе жіберді. Бельгия Кубогында «Юнион» жартылай финалға дейін барды.
Чемпионатта бәрі драмалық түрде шешілді: тұрақты маусымда команда 75 ұпаймен екінші орын иеленсе, плей-офф қорытындысы бойынша үшінші сатыға түсіп қалды. Герартс жылдың үздік бапкеріне берілетін Раймон Гуталс атындағы жүлдені жеңіп алды.
Сол маусымдағы көрсеткіштері: 57 матч, 35 жеңіс, 11 тең ойын, 11 жеңіліс – 61,4% жеңіс және бір ойында орта есеппен 2,04 ұпай. Алайда тараптар келісімшартты ұзарта алмады: клубпен арадағы келіссөздер тығырыққа тірелді.

«Шальке» және «Реймс»
2023 жылдың қазанында Герартс екінші Бундеслигаға түсіп қалған және лигадан ұшып кетпеу үшін күресіп жатқан «Шалькені» тізгіндеді. Ол алға қойылған міндетті орындады: команда маусымды оныншы орында аяқтап, қауіпті аймақтан 12 ұпайға ұзап кетті. Бірақ келесі маусымды команда бес турда төрт ұпаймен бастады, ал өз алаңында 3:0 есебімен алда тұрып «Дармштадттан» 3:5 есебімен ұтылғаннан кейін бапкер спорттық директор Марк Вильмотспен бірге қызметінен босатылды. Гельзенкирхендік клубта ол барлығы 33 матч өткізіп, орта есеппен 1,30 ұпай жинады.
2025 жылдың 18 маусымында Герартс Лига 1-ден жаңа ғана түсіп қалған «Реймспен» екі жылдық келісімшартқа отырды. Француз клубы маусымды алтыншы орында аяқтап, жоғары лигаға шығу үшін өтетін плей-оффқа іліге алмады, есесіне Франция Кубогының ширек финалына дейін жетті. 2026 жылдың 14 мамырында тараптар өзара келісім бойынша қош айтысты: клуб басшылығы нәтижеге және ойынды басқаруға, ең алдымен ойыншы алмастыру шешімдеріне көңілі толмады. «Реймстегі» статистикасы – 40 матч және бір ойында орта есеппен 1,78 ұпай.
Бельгиялық маманның бапкерлік мансабында барлығы 130 матч бар: 65 жеңіс, 33 тең ойын, 32 жеңіліс – тура 50% жеңіс.
Ол «Ордабасыға» неліктен лайық?
Герартс – қолда бар ресурстан барынша нәтиже шығара білетін бапкер. Оның жетекшілігімен «Юнион Сент-Жиллуаз» агрессивті, тік бағыттағы футбол ойнап, бюджеті өзінен әлдеқайда жоғары қарсыластарды Бельгияда ғана емес, еурокубоктарда да тізе бүктірді.
«Ордабасы» үшін бұл дәл қазір аса маңызды: шымкенттіктер алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды және келесі жазда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Резюмесінде Еуропа лигасының ширек финалы бар бапкер – клубқа дәл қазір жетіспей тұрған тәжірибе.
Екінші жағынан, оның соңғы екі жұмыс орны нәтижесіз аяқталды: «Шалькеден» қызметтен босатылуы және команданы жоғары лигаға шығара алмаған маусымнан кейін «Реймспен» қоштасуы.
Еске сала кетейік, бұған дейін ASnews.kz «Ордабасы» басшылығы «Юнион Сент-Жиллуаздың» бұрынғы бапкерлерінің бірімен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.
Ахмет Ержанов