Матч орталығы
«Ордабасы» Рамазан Оразовпен келісімшартқа отыру нұсқасын қарастыруда
12 қараша, 11:22

Фото: Рамазан Оразов
Шымкенттік «Ордабасы» Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразовтың қызметіне қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды ASnews.kz.
28 жастағы ойыншының семейлік «Елімаймен» қолда бар келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жарамды. Дегенмен, бұған дейін БАҚ-та хавбектің клубтан кетуі мүмкін екендігі туралы ақпарат тараған болатын.
Өткен маусымда Оразов барлық додада 24 матч өткізіп, бес гол соқты және алты нәтижелі пас берді. Оның трансферлік құны 600 мың еуроға бағаланып отыр. Футболшы семейліктер қатарына 2025 жылдың жазында даниялық «Силькеборгтан» ауысып келген еді.
Өз мансабында қазақстандық спортшы шетелдік чемпионаттарда словениялық «Копер», ресейлік «Чайка» және латвиялық «Даугавпилс» сапында ойнап үлгерді. Ал өз елімізде «Ақтөбе», «Тобыл», «Ақсу» және «Қайрат» намысын қорғады. Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесінде 42 кездесу өткізіп, екі гол мен екі ассисттің авторы атанды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы маусымның қорытындысы бойынша «Ордабасы» Қазақстан чемпионаты мен Кубогын жеңіп алды. 2027/28 жылғы маусымда шымкенттіктер Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды.
Бұған дейін «Ордабасы» украиналық легионерімен қоштасатыны белгілі болды.
Әлім Динасылов