Матч орталығы
«Маусымды әдемі аяқтағым келген»: «Атырау» неліктен легионермен аяқастынан қоштасты?
31 қазан, 09:34

Фото: Энрике Девенс
Бразилиялық шабуылшы Энрике Девенс ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда неліктен «Атыраудан» кеткенін айтып берді.
«Мен «Ұлытауға» қарсы ойнамаймын. Визаға қатысты мәселе туындады – мен елден уақытында ұшып кете алмас едім. Клуб бұл жағдайды реттеп үлгермеді ме, әлде шеше алмады ма, білмеймін. Өкініш бар ма? Әрине, командамен лайықты түрде қоштасқым келді, бірақ қолда бары осы.
«Атыраудағы» кезеңім үлкен қиындықтармен ұштасты. Клуб өзгерістерді бастан өткеріп жатқан кезде осындай жағдайлар болып тұрады. Бірақ директордың еңбегін атап өткен жөн: ол келген сәтінен бастап сөзін іспен дәлелдеп келеді. Жаңа басшылық көптеген проблемаларға тап болды, алайда мен олардың барлығын ретке келтіруге тырысып жатқанын көріп отырмын. Тұрақтылық үшін уақыт қажет.
Әлдекім жалақының кешігуіне шағымданды ма? Басқа футболшылардың оқиғаларына пікір білдірмеуді жөн көремін. Әркім өзі үшін жауап берсін. Бұл онсыз да «Атырау» үшін оңай маусым емес. Абырой болғанда, жігіттердің шеберлігі мен мінезі бар. Олар лигадағы орнын сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімдімін», – деді 29 жастағы шабуылшы.
Еске салайық, 31 қазанда ҚПЛ-дың қорытынды турында «Атырау» «Ұлытаумен» кездеседі. Бұл ойынның маңызы зор: егер жеңіліс тапса, турнир кестесінде 13-орында тұрған Самат Смаковтың командасы бірінші лигаға түсіп қалу қаупінде тұр.
Энрике Девенс «мұнайшылар» сапына осы жылдың наурыз айында қосылған болатын. 25 матчқа қатысқан орталық шабуылшы төрт гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Бұған дейін ол «Тобыл» намысын қорғаған.
Әлишер Аманжол