Матч орталығы
«Барымызды салуға міндеттіміз»: «Оқжетпес» легионері – еурокубоктарға шығу мүмкіндігі жайлы
20 қазан, 12:45

Фото: Дмитрий Бородин
Көкшетаулық «Оқжетпестің» беларусьтік орталық жартылай қорғаушысы Дмитрий Бородин ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан премьер-лигасының 23-турында петропавлдық «Қызылжарды» (1:0) жеңген ойынға пікір білдіріп, маусым қорытындысы бойынша команданың еурокубоктарға шығу мүмкіндігін бағалады.
– Дмитрий, жеңіс құтты болсын! Өткен матчта ненің есебінен үш ұпайды жұлып алу мүмкін болды?
– Көп рақмет! Бұл жекпе-жегі көп, қиын ойын болды. Шын мәнінде, ойын бірінші голға дейін өрбіді, бағымызға орай, Владислав Васильевтің орындаушылық шеберлігінің арқасында біз үшін аса маңызды жеңіске қол жеткіздік.
– Бірінші таймнан кейін бас бапкер не айтты? Қысымды жалғастыруды сұрады ма?
– Біздің тарапымыздан қысым бұған дейін де болды, бірақ бөтен айып алаңына допты жеткізу жағы аздау болды. Сондықтан бас бапкер қарсыластың айып алаңына допты көбірек асырып, ол жерде агрессивті ойнауды сұрады.
– «Ұлытаудан» жеңілгеннен кейін бұл ойынға назар аудару қиын болды ма? «Солтүстік дербиі» мәртебесі қосымша мотивация берді ме?
– Керісінше, қайта бейімделу оңай болды. «Ұлытаудан» жеңілгеннен кейін бізге шегінерге жол қалмады – өз міндетімізді өзіміз қиындатып алдық. Сондықтан барлығы алдағы ойынның маңыздылығын түсінді. Бұл солтүстік дербиі болғанымен қатар, матч бірінші кезекте турнирлік кестедегі жағдайымыз тұрғысынан маңызды еді.
– Қазір еурокубоктық төртінші орын үшін қызу талас жүріп жатыр. Чемпионаттың аяқталуына бар-жоғы екі матч қалды. Мүмкіндіктер мен ойыншылардың көңіл-күйін қалай бағалайсыз?
– Мүмкіндік бар екені түсінікті. Маусымның аяқталуына екі тур қалғанда «Оқжетпес» еурокубоктарға жолдама алу үшін таласып жатқанда, бүкіл команданың, жалпы клубқа қатысы бар әрбір адамның көңіл-күйі баршаға түсінікті деп ойлаймын. Біз барымызды салып, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз, содан кейін ғана арымыз таза күйде Қазақстан кубогының финалын күтеміз.
Айта кетейік, ҚПЛ-дың 23-туры аясында көкшетаулық «Оқжетпес» 60-минутта Владислав Васильев соққан голдың арқасында петропавлдық «Қызылжарды» 1:0 есебімен ұтты. Бұл жеңіс көкшетаулықтарға 48 ұпай жинап, соңынан еріп келе жатқан «Ақтөбеден» үш ұпайға озып, турнирлік кестедегі көптен күткен төртінші орынға нық табан тіреуге мүмкіндік берді.
Осы маусымның алдында көкшетаулық клубтың қатарына қосылған 27 жастағы Дмитрий Бородин – команданың негізгі ойыншыларының бірі: оның еншісінде ҚПЛ-дің 26 матчында соққан бес гол мен үш нәтижелі пас бар. Бұған дейін беларусьтік футболшы шымкенттік «Ордабасы» мен қызылордалық «Қайсар» сапында өнер көрсеткен.
«ҚПЛ мені таңғалдырды»: «Каспий» көшбасшысы «Астанамен» тең түскен матч туралы
Әлім Динасылов