Матч орталығы
«Ақтөбе» өзіне қосқысы келетін вингер чемпионат соңындағы өз мақсатын айтты
19 қазан, 16:12

Фото: Ибрагим Дадаев
«Алтайдың» қаптал шабуылшысы Ибрагим Дадаев ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында ҚПЛ-дың 23-турындағы кейінге шегерілген «Атырауға» қарсы матчты (1:1) қорытындылады.
«Команда лигада қалу жолындағы күресте қысымға шыдамай, сынып кеткен жоқ па? Жоқ, мұндай жауапты сәтте барлығы жинаған ұпайлардың маңыздылығын түсінеді. Алла қаласа, алдымыздағы міндетті орындап, премьер-лигада қаламыз. Біздің бапкер – Қазақстан футболының аңызы, сондықтан ол қазір жігіттерге қандай сөздер айту керектігін жақсы біледі.
Ал менің голыма келетін болсақ, бұдан да жақсы, әдемі әрі маңызды голдар соғамын деп үміттенемін. Басында айып алаңына доп асырғандай көріндім бе? Жоқ, мен қақпаны дәл көздеп тептім (күліп)», – деді 24 жастағы ойыншы.
Айта кетейік, ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалу үшін таласып жатқан «Атырау» қосымша уақытта тең нәтиже жұлып әкетті. Ал «Ақтөбенің» қызығушылығын тудырып отырған Ибрагим Дадаев «Алтайдың» жалғыз голын соқты.
Осылайша, чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда Вахид Масудовтың командасы 26 ұпаймен турнирлік кестеде 13-орынға жайғасты.
Әлишер Аманжол