Матч орталығы
«Ордабасының» жеңісіне сенбеймін»: сарапшы ҚПЛ-дың орталық матчына болжам жасады
17 қазан, 12:50

Фото: «Ордабасы» ФК
Отандық танымал футбол сарапшысы Рымбек Ізғали Қазақстан премьер-лигасының 23-туры аясында өтетін «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы орталық матчқа қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
Сарапшының айтуынша, жазғы трансферлік терезеде құрамын сәтті күшейткен және трибунаның қызу қолдауына ие болатын алаң иелерінің бұл кездесуде мүмкіндігі жоғары.
«Ордабасының» жеңісіне өз басым сенбеймін. «Ақтөбе» жазда жақсы күшейіп алды. Бір Атанасовтың өзі неге тұрады? Ойыншылар жарақаттан айығып, қатарға қосылып жатыр. Айтпақшы, Ерланов ойнамайды екен, бұл «Ордабасы» үшін плюс. Әрине, «Ордабасы» клубында атмосфера ғарышқа шарықтап тұр. Дегенмен стадионның ыстық қолдауы алаң иелеріне дем беретіні түсінікті. Ақтөбелік жанкүйерлерді қонақтардың 300 жанкүйерімен таңғалдыру қиын, өйткені бұл стадион мен қала көп нәрсені көрген», – деді Ізғали.
23-турдың басты кездесуі бүгін сағат 19:00-де басталады. Турнирлік кестеде шымкенттік «Ордабасы» 64 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр. Алматылық «Қайрат» (60 ұпай) пен елордалық «Астана» (51 ұпай) үздік үштікте орналасса, «Ақтөбе» 45 ұпаймен төртінші сатыға жайғасқан.
Әлім Динасылов