Матч орталығы
Отставкаға кете ме? Сәтпаевтың «Бернлидегі» бапкері қызметінен кетуі мүмкін екенін айтты
17 қазан, 10:25

Фото: Ники Хайен, via Getty Images
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен өз алаңында «Вулверхэмптоннан» жеңілгеннен (1:2) кейін қызметінен айырылуы әбден мүмкін екенін мойындады, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Терф Мур» стадионындағы сәтсіздік клубтың өз алаңындағы жеңіссіз сериясын бір жылға дейін созды (қатарынан 21 матч). Бельгиялық маманның жетекшілігімен команда маусымның алғашқы 11 кездесуінде бір-ақ рет жеңіске жетті.
«Вулверхэмптон» екі голды да қорғаушылардың өрескел қателіктерінен кейін соқты. Кезекті сәтсіздік трибунада наразылық тудырды: жанкүйерлер клуб қожайыны Алан Пейстің отставкаға кетуін талап еткен баннерлер ілді.
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен клубтағы жағдайы мен жанкүйерлердің реакциясын былай бағалады:
«Жұмысымды жалғастыруға мүмкіндік алар-алмасымды білмеймін. Бірақ қуатымды сарп етпес үшін бұл туралы ойламауға тырысамын. Мұндай жағдайда қызметтен кету ықтималдығы – әбден қалыпты жағдай.
Жанкүйерлердің көңілі қалғанын толықтай түсінемін. Олар клубты жақсы көреді және тек жақсылық тілейді. Менің де ниетім осындай: мен мұнда командаға зиян келтіру үшін келген жоқпын. Жағдайды түзеу үшін күн сайын бар күш-жігерімді салып жұмыс істеп жатырмын. Жеке қателіктер орын алғанда тіпті бапкер де дәрменсіз, бірақ мен ешқашан берілмеймін және маған сенім артқан кезде барымды саламын».
Чемпионшиптің 11-тур матчында Джейми Вардидің голына қонақтар Фер Лопес пен Таванда Чиреваның дәл соққыларымен жауап берді. Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев 61-минутта алаңға шығып, тоғыз пастың тоғызын да дәл бергенімен, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады. Осы жеңілістен кейін сегіз ұпайы бар «Бернли» төменгі лигаға түсіп қалу қаупі бар аймақтың іргесінде, 21-орында тұр.
Ахмет Ержанов