Матч орталығы
«Ешқандай қысым жоқ»: «Ордабасы» қорғаушысы Килама – «Қайратпен» чемпиондық талас туралы
13 қыркүйек, 11:22

Фото: Ги-Марселен Килама
Шымкенттік «Ордабасының» қорғаушысы Ги-Марселен Килама ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан премьер-лигасының 26-турындағы елордалық «Астананы» өз алаңында жеңген (1:0) ойынға пікір білдіріп, команданың титул жеңіп алу мүмкіндігін бағалады.
– Өте маңызды жеңіс құтты болсын. Команданың көңіл-күйі қалай және ойын қаншалықты ауыр болды?
– Бұл біз үшін, бүкіл команда үшін чемпиондық талас тұрғысынан үлкен жеңіс. Мықты қарсыласқа қарсы жақсы ойын болды. Біз қорғаныста сенімді ойнап, алаңда жауынгерлік қасиеттерімізді көрсете білдік, ең бастысы да осы.
– Алда сіздерде өз алаңдарыңызда өтетін бір ғана матч қалды, қалғандары сыртта өтеді. Бұл командаға қосымша қысым түсіре ме?
– Жеке өзім ешқандай қысым сезініп тұрған жоқпын. Біз жай ғана алаңға шығып, күресеміз және әр матчта жеңіске жетуге тырысамыз. Егер барымызды салып, бар күшімізді жұмсасақ, маусым соңында чемпион боламыз ба, жоқ па – көреміз. Біз бұл жұмысты бәріміз бірге атқарып жатырмыз.
– Өткен турда команда өкінішті жеңіліске ұшырады. Психологиялық тұрғыда қалпына келу және бүгінгі ойынға дайындалу қаншалықты қиын болды?
– Сондықтан да бапкер бізге өткен ойынды ұмытып, назарымызды осы шаққа аударуды тапсырды. Бүгінгі матч біз үшін ең маңыздысы болды. Бүгін шынымен де тамаша күн болды, өйткені команданың әрбір ойыншысы алаңда соңына дейін күресті.
Еске сала кетейік, Шымкенттегі Орталық стадионда өткен 26-тур матчы «Ордабасының» «Астананы» 1:0 есебімен минималды жеңуімен аяқталды. Матчтағы жалғыз голды Жасұлан Әмір соқты.
Бұл жеңіс шымкенттіктерге 58 ұпай жинап, турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Алматылық «Қайрат» (57 ұпай) екінші сатыға төмендеді, алайда оларда бір матч бар.
«Бастысы – «Қайратқа» қысым көрсету»: Йонсен чемпиондық талас туралы
Әлім Динасылов