Матч орталығы
Дастан Сәтпаевтың бәсекелесі командадан кетті: «Бернли» шабуылшысын жалға берді
4 қыркүйек, 15:27

Фото: Лайл Фостер
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін ағылшындық «Бернли» оңтүстікафрикалық форвард Лайл Фостерді басқа клубқа жіберді, деп хабарлайды ASnews.kz.
26 жастағы футболшы мансабын MLS-тегі «Хьюстон Динамо» сапында жалғастырады. Жалға алу келісімшарты 2027 жылдың маусымына дейін есептелген және трансферді кейіннен сатып алу нұсқасын қамтиды. Фостер «Бернли» намысын 2023 жылдан бері қорғап, барлық жарыста 99 матч өткізіп, 12 гол соққан болатын.
Өткен маусымда премьер-лигада өнер көрсеткен кезінде ол барлық жарыста 27 матчқа қатысып, үш гол соқты және үш нәтижелі пас берді. Нарықтық құны 8 миллион еуроға бағаланатын оңтүстікафрикалық ойыншының кетуі ағылшындық команданың шабуыл шебіндегі бәсекелестікті айтарлықтай төмендетеді. Бұл жағдай 18 жастағы қазақстандық форвардқа ағымдағы маусымда көбірек ойын уақытын алуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Қазақстан ұлттық құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін ағылшындық «Бернли» кезекті кездесуін сенбі, 5 қыркүйек күні өткізеді. Чемпионшиптің бесінші туры аясында Ники Хайеннің шәкірттері өз алаңында «Бристоль Ситиді» қабылдайды. «Терф Мур» стадионындағы ойын Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.
Алдағы текетіреске қос ұжым әртүрлі бапта келе жатыр: «Бернли» төрт турдан кейін еншісіндегі екі ұпаймен турнирлік кестенің төменгі бөлігінде орналасқан, ал «Бристоль Сити» жеті ұпай жинап үлгерді. Өткен турда «бордолықтар» өз алаңында «Мидлсбромен» тең түссе (1:1), олардың болашақ қарсыласы сырт алаңда «Престонды» 3:1 есебімен сенімді түрде жеңді.
Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында лондондық «Челсиден» жалға алу құқығымен өнер көрсетеді. Қазіргі уақытта шабуылшы барлық жарыста команданың төрт ресми матчына қатысып (үш рет негізгі құрамда шықты), әлі де нәтижелі әрекеттермен көзге түсе қойған жоқ. «Мидлсброға» қарсы соңғы кездесуде (1:1) Сәтпаев ресми түрде матчтың үздік ойыншысы атанған болатын.
Әлім Динасылов