Матч орталығы
«Ақтөбе» бас бапкері қарсыластарының бір-біріне ойынды беріп қоятынын айтты
26 тамыз, 18:39

Фото: Александр Семенов
«Ақтөбе» әйелдер командасының бас бапкері Александр Семенов әйелдер лигасының 17-турында «Астананы» ірі есеппен жеңгеннен кейін (7:0) пікір білдіріп, чемпионаттағы басқа клубтардың атына өткір айыптаулар айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Барлық командалар бізге қарсы жан ұшыра айқасады, ал бір-біріне оңай беріле салуы (слив жасауы) мүмкін. Ал бізге келгенде әрқашан аянып қалмайды. Бірінші таймда алаңға, мына тұзаққа әрең үйрендік. Бұндай жағдайда ойнау, білмеймін... бейімделуге тура келді. Екінші таймда икемделіп, есепті еселедік.
Нәтиже ме? Жеңетінімізді білдік, бірақ ойын сапасы жағынан бәрі мінсіз болмады, кемшін тұстар болды. Бірақ өзіміз кінәліміз... ойынды жүргізудің орнына түсініксіз пастар мен асырып лақтыруларға көштік. Екінші таймда есімізді жиып, жеңісті жұлып алдық», – деді Семенов.
«Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы 17-тур матчы 25 тамызда өтіп, қонақтардың 7:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Ақтөбеліктер сапында Морган Томас Рис пента-трик авторы атанса (4', 28', 49', 55', 93'), Аида Гайстенова (56') мен Анжелика Кеона Айкида (74') бір-бір голдан соқты.
«Ақтөбе» ӘЖФК 17 матчта 17 жеңіске жетіп (51 ұпай), соққан және жіберген доптар айырмашылығымен (+153) чемпионатта сенімді түрде көш бастап тұр. Екінші орында «Жеңіс» (37 ұпай) келе жатса, үздік үштікті «Қызылжар» (35 ұпай) түйіндейді.
Әлім Динасылов