Матч орталығы
«Оқжетпес» сапында гол соққан Лотоцкий «Астанадан» жеңілу себебін айтып, Нұрымбеттің кетуі жайлы айтты
10 тамыз, 10:16

Фото: Борис Лотоцкий
Көкшетаулық «Оқжетпестің» 23 жастағы украиналық қорғаушысы Борис Лотоцкий ASnews.kz сайтына берген сұхбатында ҚПЛ-дың 21-туры аясында «Астанаға» қарсы өткен сырттағы матчты (1:2) қорытындылап, чемпионаттың екінші айналымындағы команданың қазіргі бабын бағалады.
Жіберіп алған жеңіс туралы
«Гол өткізіп алған сәттерде бізге зейін мен бірінші таймда допты бақылау жетіспеді – бұл ақтық нәтижеге себепші болған басты сәттер. «Астана» футбол клубының қандай ұжым екенін бәрі біледі әрі түсінеді. Бірінші айналымдағы ойында бізге өз жанкүйерлеріміз пен туған алаңымыз көмектескен еді.
Бұл орайда қарсыласқа да лайықты бағасын беру керек: «Астана» доппен өте сапалы ойнайды. «Астана Аренаның» алаңы біздің стадионнан үлкенірек, мұнда кеңістік сәл көбірек, соның салдарынан біз үнемі жауып үлгермейтін аймақтар пайда болды. Нәтижесінде алатынымыз – өз қақпамызға соғылған екі гол мен қауіпті сәттер».
Әбинұр Нұрымбеттің кетуі туралы
«Әбинұр біз үшін алаңда үлкен жұмыс көлемін атқаратын негізгі ойыншылардың бірі болды. Кейбір эпизодтарда ол байқалмайтын сияқты көрінуі мүмкін еді, бірақ ол өте көп қара жұмыс істейтін, ал доппен ойыны тіптен керемет болатын.
Басшылық бұл позицияларды жаңа футболшылармен жапты, бірақ біз әлі де бір-бірімізге үйренісіп жатырмыз. Қазіргі нәтижелер көңілімізден шықпайды, өйткені өзімізге де, жанкүйерлерге де жоғары меже қойдық. Жеңісті жолымызға қайта оралу үшін және ең жоғары орындар үшін күресуге барымызды саламыз, әрі қарай да солай етпекпіз. Қандай жағдай болмасын бізбен бірге болатын жанкүйерлерімізге және біртұтас отбасы болып қала беретін командамызға үлкен рақмет», – деді қорғаушы.
21-тур бәсекесінде «Оқжетпес» бұрыштама соққысынан кейін Борис Лотоцкийдің баспен бағыттаған дәл соққысының арқасында есеп ашты. Дегенмен «Астана» Карло Бартолец пен Марин Томасовтың голдары арқасында камбэк жасай алды – 2:1.
Бұл жеңіс «Астанаға» 38 ұпай жинап, жарыс кестесінің үшінші сатысына жайғасуға мүмкіндік берді. Ал «Оқжетпес» 33 ұпаймен төртінші орында қалды.
Ағымдағы маусымда 23 жастағы қорғаушы Борис Лотоцкий көкшетаулықтар сапында 22 матчтық межені бағындырып, өз есебіне үш гол мен бір нәтижелі пас жазды.
Еске сала кетейік, негізгі жартылай қорғаушы Әбінұр Нұрымбет шымкенттік «Ордабасыға» ауысқаннан кейін, «көкшетаулықтардың» сапын өзбекстандық вингер Шахбоз Умаров, қақпашы Александр Довгаль, бразилиялық тірек қорғаушы Марсиньо Веласко және шабуылшы Всеволод Садовский толықтырды.
Әлім Динасылов