«Қайрат» – елдегі ең мықты команда»: Йонсен «Ордабасының» көш басына оралуы туралы
3 тамыз, 17:03

Фото: Бьорн Йонсен
Шымкенттік «Ордабасының» шабуылшысы Бьорн Йонсен ASnews.kz басылымына берген сұхбатында «Тобылды» жеңгеннен (2:0) кейінгі әсерімен бөлісіп, жарыс кестенің көш басына оралуы, жанкүйерлердің қолдауы мен «Қайратпен» чемпиондық жарыс туралы айтып берді.
«Жеңіс жолына қайта түсу оңай болған жоқ»
«Жеңіс жолына қайта түсу оңай болған жоқ. Әсіресе Алматыда «Қайратқа» қарсы өткен тартысты ойында ұтылғаннан кейін. Бірақ бүгінгі матч одан да қиын болды. Қарсылас бар күшін салды, өте жақсы қорғанды. Алаңның сапасы да керемет болған жоқ. Дегенмен біз жеңіске жетіп, кестедегі бірінші орынға қайта оралдық, ең бастысы – осы. Ары қарай жылжимыз.
Иә, бүгін менде де мүмкіндіктер болды. Кейде доп қақпаға кірмей қояды, ондай болып тұрады. Ең бастысы – үш ұпай еншілеп, қақпамызға гол өткізген жоқпыз. Қазір бар ойымыз – келесі кездесуде. Мен бұл жерде гол соғу үшін жүрмін, бірақ сонымен бірге командаға жеңіске жетуге де көмектесуім керек», – деді Йонсен.
Жанкүйерлер қолдауы мен «Қайратпен» бәсеке
«Ойынның басынан аяғына дейінгі жанкүйерлердің қолдауы бізге үлкен қуат береді. Керемет атмосфера болды. Біз алаңда ойнағанымызға қуаныштымыз, жанкүйерлер берген сол энергияның арқасында екінші таймда екінші голымызды соқтық.
Әрине, «Қайрат» – Қазақстандағы ең мықты команда. Ал біз – екінші ең мықты ұжымбыз, оны көрсеттік және осы ретте күресіп жатырмыз. Лигада оңай қарсылас жоқ. Тіпті «Тобылдың» өзі бізге айтарлықтай қиындық туғызды. Келесі аптадағы ойын да өте тартысты болмақ», – деді норвегиялық ойыншы.
Шымкенттік «Ордабасы» ҚПЛ-дың 20-турында «Тобылды» 2:0 есебімен ұтып, 46 ұпаймен турнирлік кестенің қайтадан жеке дара көшбасшысы атанды. Шымкенттіктер екінші орында келе жатқан алматылық «Қайраттан» (45 ұпай) бір ұпайға озып тұр.
Йонсен ҚПЛ мен Қазақстан Кубогында тоғыз ойынға қатысып, алты гол салды және екі голдық пас берді.
Әлім Динасылов