Матч орталығы
Әзербайжандық сарапшы – «Тобылдың» жаңа ойыншысы туралы: оның көшбасшылық мінезі бар
9 маусым, 14:01

Фото: Райан Сенхаджи
Әзербайжанның CBC Sport телеарнасының тілшісі Сулейман Велиев ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «Тобылдың» француздық қорғаушысы Райан Сенхаджидің ойын стиліне баға берді.
«Ол біздің «Сумгайыт» сапында бір маусым өткізіп, негізгі құрам ойыншысы болды. Ол кезде «Сумгайыт» ең көп гол жіберетін командалардың бірі еді, бірақ бұл тек Сенхаджидің емес, бүкіл қорғаныс шебі мен жалпы ұжымның мәселесі болатын.
Артықшылықтарына тоқталсам: Райанның физикалық күші өте мықты, ол жекпе-жектерде және әуедегі күресте өте белсенді. Бұл қасиеті тек өз айып алаңында емес, қарсылас қақпасының алдындағы стандарттар кезінде де жақсы көрінеді. Доппен ойнау және шабуылды бастау шеберлігі аса жоғары деңгейде болмаса да, жаман емес. Ең бастысы – оның бойында көшбасшылық мінез бар, бұл алаңда өте қатты сезіледі», – деді Велиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін қостанайлық «Тобыл» Райан Сенхаджимен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялаған болатын. Қорғаушы француздық «Сошо-Монбельяр» клубының түлегі болып табылады.
Өз мансабында 28 жастағы футболшы Францияның «Безье» және «Сошо», Болгарияның «Монтана», «Пирин» және «Левски», Данияның «Яммербугт», Алжирдің «ЖС Кабилия», Ресейдің «Факел» (Воронеж) және Әзербайжанның «Сумгайыт» командаларында өнер көрсетіп үлгерген.
Әлім Динасылов