Матч орталығы
«Ақтөбенің» экс-капитаны: Қазақстанда тек бір клубқа ораламын
11 қаңтар, 19:45

Фото: Леонель Струмия
«Ақтөбе» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Леонель Струмия ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралатын мүмкіндіктің болғанын мойындады.
«Қазір мен еркін агентпін – жаттығып жүрмін, жаңа нұсқаларды күтіп отырмын. Шынымды айтсам, Қазақстаннан ұсыныстар болды. Бірақ егер бұл елге қайта оралсам, тек «Ақтөбеге» ғана келер едім. Бұл клубтың капитаны болу мен үшін үлкен мәртебе болды», – деді аргентиналық футболшы.
Биылғы жылдың басында 33 жастағы ойыншы Черногорияның «Будучность» клубымен келісімшартын бұзды. «Ақтөбеден» кеткеннен кейін ол Кипрдің АЕЛ клубында да өнер көрсетті.
Струмия «ақ-қызылдар» сапында 58 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берген. Сондай-ақ Қазақстан Кубогының иегері атанды.
Бұған дейін аргентиналық футболшы «Ақтөбенің» басқарма төрағасы болып тағайындалған Арман Оспанов төңірегіндегі жанжалға қатысты пікір білдірген еді.
Әлишер Аманжол