Матч орталығы
Арутюнян «Аталантамен» өтетін матч алдында: бұл – Чемпиондар лигасының командасы
4 қараша, 21:25

Фото: Жора Арутюнян
Алматылық «Қайратта» бас бапкердің міндетін атқарушы Жора Арутюнян матч алдындағы баспасөз мәслихатында италиялық «Аталантаға» қарсы Конференция лигасы жалпы кезеңінің үшінші туры аясындағы сырт алаңдағы кездесу жайлы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ASnews.kz.
Команданың көңіл-күйі мен «Аталантаның» деңгейі туралы
«Осында болғаныма толқып тұрмын. Барлық жігіттер аман-есен, қатарда, бәрінің көңіл-күйі көтеріңкі – ертең футболшылар алаңда 100%-ға бар күшін салады. Бұдан бір жыл бұрын бұлай болады деп ешкім ойламаған еді. Бұл – өмір, негізгі «Қайратқа» келу – біздің арманымыз. Өткен жылмен салыстырсақ, команда Чемпиондар лигасында ойнады. «Аталанта» – Чемпиондар лигасы деңгейіндегі клуб. Біз сараптаған кездесулерге қарасақ, бұл команда өткен жылы біз жақсы ойын көрсеткен «Интерден» еш кем емес. Жігіттердің ынтасы жоғары, бұл өте маңызды».
Дайындық пен тактикалық өзгерістер туралы
«Менде ешқандай қобалжу жоқ. Қарсыласқа бұрын қалай дайындалсақ, дәл солай дайындалып жатырмыз. Маурицио Сарридің өзіндік стилі бар, ертең соған төтеп беруге тырысамыз. Өзгерістерге келер болсақ: «Алтайға» дейін үш жаттығу, «Аталантаға» дейін де үш жаттығу өткіздік. Кардиналды түрде ештеңені өзгертудің қажеті болмады, өйткені клубта вертикаль жүйеленген және команда плюс-минус бір жүйемен ойнайды. Контрпрессинг тұрғысынан өз көзқарасымызды қосқымыз келеді. Чемпионатымыздың аяқталғаны ешқандай рөл атқармайды. «Аталанта» мұндай күнтізбеде ойнауға үйренген, біздің де дайындығымыз бұдан өзгермейді».
Еурокубоктегі мақсаттар мен Уразбахтиннің мұрасы туралы
«Біз әр ойынға кезең-кезеңімен дайындаламыз және барлық қарсыластардың деңгейін түсінеміз. Жігіттермен сөйлесіп, Қазақстан үшін еурокубоктерде тарихи жеңіске жеткіміз келетінін айттық және осыны жүзеге асыруға тырысамыз. Нақты қалай болатынын әлі білмейміз, бірақ белгілі бір жоспар бар. Өз алаңымыздағы матчтар мен өз жанкүйерлеріміз көмектеседі, біз сонда ұпай жинауға тырысуымыз керек.
Рафаэль Радикович Уразбахтиннің қосқан үлесін бәрі көріп отыр және ұзақ уақыт бойы еске алады: екі чемпиондық, Чемпиондар лигасы, Конференция лигасы. Ол – осындай жетістікке жеткен еліміздегі жалғыз бапкер, біз оған қарап бой түзеуіміз керек. «Алтаймен» өтетін ойын алдында ол өз кеңестерін беріп, сәттілік тіледі. Орын алған өзгерістерді талқыламаймыз, бұл біздің құзырымызға кірмейді, бірақ оның қосқан үлесі – баға жетпес еңбек. Бұл жетістікті қайталау өте қиын болады, бірақ менің ойымша, барлық қазақстандық бапкерлер одан үлгі алуы керек».
Дәулет Орынбасар туралы
«Ол әлі жасөспірімдер деңгейінде өзін дәлелдеуі керек. «Қайрат-Жастарға» ауысу оған ауыр тиді – ол біз қалағандай көп гол соқпай жүр. УЕФА Жасөспірімдер лигасында ол өз позициясындағы бәсекелестерімен күресіп жатыр. Егер ары қарай да еңбектене берсе, қолынан бәрі келеді деп ойлаймын».
Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші тур аясындағы «Аталанта»—«Қайрат» матчы бейсенбі, 5 қарашада Бергамода өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 22:45-те басталады.
Әлім Динасылов