Тараздағы «Жастар» стадионының төсеніші ауыстырылып, база толық жөндеуден өтеді
22 ақпан, 16:28

Фото: «Жастар» стадионы
Тараз қаласындағы «Жастар» стадионында келесі аптада төсенішті ауыстыру жұмыстары басталады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Сонымен қатар клуб тәрбиеленушілеріне арналған жаттығу базасында да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаржыландыру жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асады.
Жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңартылған алаңда негізгі команда, жасөспірімдер құрамалары және футбол орталығының тәрбиеленушілері жаттығады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Жастар» стадионында түрлі турнирлер мен ел біріншіліктерінің матчтарын өткізуге мүмкіндік болады.
Ал негізгі арена – «Орталық» стадионда бірінші лиганың жаңа маусымына дайындық жүріп жатыр. Ол жақтағы табиғи газонға ішінара жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
«Тараз» футбол клубын мемлекеттік меншіктен жекеменшікке көшіру процесі шамамен екі айға созылады. Қазіргі уақытта клуб нысандары облыс әкімдігі мен спорт басқармасының қарамағында тұр.
Ербол Каиров