Матч орталығы
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының матчында Молдоваға есе жіберді
13 қараша, 23:51

Фото: Қазақстан ұлттық құрамасы
Ұлттар лигасы топтық кезеңінің бесінші туры аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Кишиневте Молдова командасынан 1:2 есебімен жеңіліс тапты, деп хабарлайды ASnews.kz.
Кездесу алаң иелерінің белсенді қысымымен басталды, алайда капитан Нұралы Әліп бастаған қазақстандықтардың қорғанысы 38-минутқа дейін шабуылдарға сәтті төтеп берді. Ойындағы есепті молдовалық құраманың шабуылшысы Петру Попеску ашты – форвард алыстан бағыттаған соққысымен допты дәл «тоғыздыққа» тоғытып, Стас Покатиловқа еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Үзіліске дейін Джон ван'т Схип шәкірттерінде бір ғана аса қауіпті сәт туындады: Ислам Чесноков қақпашымен бетпе-бет шыққанымен, өз мүмкіндігін жүзеге асыра алмады.
Кездесудің екінші жартысында қазақстандықтар қарсыластың қорғанысын бұзып өтуге тырысып, әлдеқайда белсенді ойнай бастады. Осындай талпыныстардың бірі сәтті аяқталды – Чесноков алыс қашықтықтан әдемі соққы жасап, таразы басын теңестіріп, мүлт кеткен сәтінің қателігін жуып-шайды. Дегенмен, қонақтар тең есепті сақтап қала алмады. 77-минутта Никита Моцпанның әуелете берген добын сәтті түйіндеген Попеску дубль авторы атанды.
Бес турдың қорытындысы бойынша еншісінде екі ұпайы бар Қазақстан құрамасы С3 тобындағы соңғы, төртінші орында қалды. Жеті ұпай жинаған Молдова командасы екінші орынға көтерілді.
Ахмет Ержанов