Матч орталығы
«Жанкүйерлерге бұл транфер біртүрлі көрінуі мүмкін»: Вакулко Гуцуляктың «Ордабасыға» ауысуы туралы
13 қараша, 18:34

Фото: Алексей Гуцуляк және Юрий Вакулко
Шымкенттік «Ордабасының» украиналық жартылай қорғаушысы Юрий Вакулко өзінің отандасы Алексей Гуцуляктың ҚПЛ-2026 чемпиондарының қатарына қосылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz dynamo.kiev.ua сайтына сілтеме жасап.
«Гуцуляк келісімшартқа қол қоймас бұрын осында келіп, басшылықпен сөйлесті, мұндағы жағдайды өз көзімен көрді. Сол кезде біз аздап тілдестік: мен оған ықтимал нюанстар туралы айтып, сұрақтарына жауап бердім.
Мүмкін, қазір украиналық жанкүйерлерге бұл трансфер біртүрлі көрінетін шығар. Бірақ егер жазда «Ордабасы» Гуцулякпен бірге Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықса, бәрі бұған басқаша қарайды деп ойлаймын. Клубымыздың қожайындары өте амбициялы және алдымызға дәл осындай мақсат қойып отыр. Ал оны орындау үшін Гуцуляк сияқты ойыншылар қажет», – деді Вакулко.
Еске сала кетейік, Алексей Гуцуляк 2026 жылдың 11 қарашасында ресми түрде «Ордабасының» футболшысы ретінде таныстырылды. Вингер шымкенттіктер сапына еркін агент құқығында қосылды. Бұған дейін ол украиналық «Карпаты», «Десна» және «Полесье» клубтарында өнер көрсеткен, сондай-ақ испаниялық «Вильярреалда» жалға алу негізінде ойнаған.
Transfermarkt порталының бағалауы бойынша, Гуцуляк Қазақстан премьер-лигасының ең қымбат ойыншысы атанды – оның нарықтағы құны 3 миллион еуроны құрайды.
Осыған дейін Гуцуляк трансфері «Ордабасы» үшін қаншаға түскені мәлім болды.
Ахмет Ержанов