Матч орталығы
Маусымның ең нәтижелі шабуылшысы: Артем Литош ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне енді
22 қазан, 15:41

Фото: Артем Литош, via Getty Images
Қарағандылық «Шахтер» мен Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Артем Литош Қазақстан ұлттық құрамасының алдағы матчтарға арналған кеңейтілген тізіміне енді, деп хабарлайды ASnews.kz.
21 жастағы шабуылшы биылғы маусымды ерекше өткізіп жатыр және қазіргі таңда жылдың ең нәтижелі қазақстандық футболшысы болып табылады. Литоштың еншісінде барлық ресми турнирлерде – бірінші лига, Қазақстан Кубогы және жастар құрамасындағы (U-21) ойындарды қосқанда 27 соғылған доп бар.
Бірінші лиганың ағымдағы маусымында «Шахтер» сапында ол 24 матч өткізіп, 23 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді («гол+пас» жүйесі бойынша 33 ұпай). Ел Кубогында шабуылшы бір кездесуде 60 минут ішінде екі доп соқса, Қазақстан жастар құрамасы сапында өткізген бес ойында екі гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Айта кетейік, Артем Литош 2005 жылғы 29 қаңтарда дүниеге келген (бойы – 184 см). Ол алматылық «Қайрат» академиясының түлегі, оның сапында жасөспірімдер арасындағы Freedom QJ League (2023) чемпионы атанған. Қарағандылық «Шахтер» сапына 2025 жылы ауысты. Бұған дейін Қазақстанның жасөспірімдер (U-19) және жастар (U-21) құрамаларында өнер көрсетті. Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, 21 жастағы шабуылшының нарықтық құны 125 мың еуроны құрайды.
Әлім Динасылов