Матч орталығы
«Жеңіске жетпесек, трагедия болады»: Ван ’т Схип – Молдова, сын және көшбасшылар туралы
1 қазан, 16:57

Фото: Джон ван 'т Схип
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип матч алдындағы баспасөз мәслихатында Ұлттар лигасы аясындағы Молдоваға қарсы үйдегі ойыннан не күтетінін айтты. Нидерландтық маман алдағы матчқа арналған тактика, кадрлық мәселелер мен қысым туралы баяндады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Қазақстандағы өмірі мен Ұлттар лигасының басталуы туралы
«Мұнда жүргеніме үшінші ай болды, осы дәстүрлі киімде (шапанда) өзімді барған сайын қазақ сезініп келемін. Алда үшінші ойынымыз күтіп тұр, ол өте маңызды болмақ. Біз іргетасын қалаған екі матч артта қалды. Логистика мен кадрлық мәселелерге байланысты Фарер аралдарына бару оңай болған жоқ. Топ фавориті Словакияға қарсы біз соңғы 10 минутқа дейін өте жақсы ойнадық. Біз позитивті сәттерді өзімізбен алып қалып, ертең жеңіске жете алатынымызды көрсетуіміз керек».
Қысым деңгейі мен Молдоваға қарсы тактика туралы
«Егер ертең жеңіске жетпесек, бұл трагедия ретінде қабылданатынын өте жақсы түсінемін. Бірақ менің футболда жүргеніме 50 жылдан асты, оның 30 жылдан астамында бапкермін. Әр ойын бірегей. Егер словактар допқа көп иелік етіп, біздің жарты алаңымызда ойнаған болса, Молдова – басқа қарсылас. Біз өз жанкүйерлеріміздің алдында, үйде ойнаймыз, сондықтан басқаша әрекет етеміз: біз көбірек шабуылдап, өз қабілеттерімізді көрсетуіміз керек. Дегенмен сақ қимылдау маңызды – қарсылас кейбір сәттерде өте қауіпті болуы мүмкін».
Қарсыластың ойын стилі туралы
«Соңғы кездері Молдова 5-3-2 немесе 5-3-1-1 сияқты өте жинақы әрі қорғанысқа құрылған жүйеде ойнап жүр. Мұндай командаларға қарсы қорғаныс шебін бұзып өту оңай емес. Бізге допты жылдам алып жүру, қапталдарда позиция ауыстыру және шабуылды үдететін аймақтарды іздеу қажет. Молдова да дамып келеді: Фарер аралдарына қарсы матчта олар соңғы үш минутта жеңісті жұлып әкете жаздады. Үш ұпайды алу үшін біз барымызды салуымыз керек».
Кадрлық мәселелер туралы (Самородов, Жуков, Покатилов)
«Максим Самородов әзірге жалпы топта жаттыққан жоқ. Оның жағдайын бақылап, бүгін кешке шешім қабылдаймыз. Бауыржан Исламхан Фарер аралдарынан кейін қиындықтарға тап болып, Словакияға қарсы матчқа дейін қалпына келіп үлгермеді. Егер бүгін жаттығуды жақсы өткізсе, ертеңгі ойынның өтініміне ілігуі мүмкін.
Бізде 28 ойыншы бар, ал өтінімге 23-ін таңдау керек. Георгий Жуков кеңейтілген тізімге мен қосқан соңғы ойыншылардың бірі болды. Исламбек Қуат ертең ойнамайды, сондықтан Жуков алаңға шығуы немесе қосалқы құрамда қалуы мүмкін.
Ал Стас Покатиловқа келер болсақ: ол екі матч өткізді, оның жақсы сәттері болды. Даулы эпизодтарда қақпашыны кінәлай салу оңай, бірақ ол да бүкіл команда сияқты жақсы жұмыс істеді. Енді бәріміз дұрыс реакция көрсетуіміз керек. Қақпадан кім орын алатынын ертең көресіздер».
Төрешілер туралы
«Румыниялық төрешілерді тағайындауға қатысты ешқандай пікірім жоқ. Бұл процесті УЕФА бақылайды. Егер оларды тағайындаса, демек, олар өз жұмысын жақсы істейді деген сөз. Біз бұл туралы сөз қылмауымыз керек».
УЕФА Ұлттар лигасының үшінші тур матчы (С дивизионы, 3-топ) Қазақстан мен Молдова құрамалары арасында 2 қазанда «Астана Арена» стадионында өтеді. Кездесу жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-ге жоспарланған. Джон ван ’т Схиптің жетекшілігімен ұлттық команда алғашқы екі турда Фарер аралдарымен тең түсіп (1:1), сырт алаңда Словакияға есе жіберді (1:2).
Әлім Динасылов