Матч орталығы
Молдова құрамасының сұрмергені: Қазақстанның Словакияны қуып жетуге қауқары бар
1 қазан, 15:14

Даниялық «Митьюлланд» пен Молдова құрамасының бұрынғы шабуылшысы Сергей Даду ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстанға қарсы матчтан не күтетінін айтты.
Қазақстанды Еуропада жоғары бағалай ма?
«Меніңше, бұл жерде Қазақстан құрамасы – фаворит. Біріншіден, оларда чемпионат деңгейі жоғарырақ, екіншіден – өз алаңында қабылдайды. Біздің командада буын алмасу жүріп жатыр: жас футболшылар көп, сол себепті ойын үйлесімділігі жетіспейді.
Фарер аралдарына қарсы матч (1:1) жігіттердің агрессивті футбол көрсете алатынын дәлелдеді, бірақ біз қарсыласты оңай жеңеміз деп бөркімізді аспанға атпаймыз. Сәтпаевтың жоқтығына қарамастан, Қазақстан сапында жақсы деңгейдегі орындаушылар жетерлік екенін өте жақсы түсінеміз».
Кадрлық ауыс-түйістер
«Молдова Фарер аралдарын жеңуі керек еді. Мүмкіндіктер болды, бірақ біздің жолымыз болмады ма, әлде сәттілік қарсыласқа жолдас болды ма, белгісіз. Абырой болғанда, ұтылған жоқпыз – бұл ойыншылар мен бапкерлер штабының моральдық жағдайы үшін жақсы. Дегенмен, ұлттық құраманың құрамы айтарлықтай өзгерді және көпшілігі командаға жаңадан ғана сіңісіп жатыр».
Ван ’т Схип командасы Словакиядан есе қайтара ала ма?
«Словактарды әлі де қуып жетуге болады – футболдың заңы осындай. Егер көшбасшылар қатарға қосылса, Қазақстанның бұған күші жетеді», – деді 45 жастағы сарапшы.
Еске сала кетейік, 2 қазанда Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» Молдованы қабылдайды. Ұлттар лигасы топтық кезеңінің үшінші тур матчы сағат 19:00-де басталады.
Сергей Даду 2007–2008 жылдары «Митьюлланд» сапында өнер көрсеткен. Сондай-ақ мәскеулік ЦСКА құрамында Ресей Кубогының иегері атанған. Форвардтың еншісінде Молдова құрамасы үшін өткізген 30 матчта соққан сегіз голы бар.
Әлишер Аманжол