Матч орталығы
«Алып-қашпа сөз»: «Ордабасы» бапкері Қазақстан құрамасының қызығушылығына қатысты пікір білдірді
1 қазан, 13:32

Фото: Андрей Мартин
Шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин өзінің ұлттық құрамаға тағайындалуы мүмкін екендігі туралы сыбыстарға пікір білдіріп, елдің басты таланттарын бағалады және Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстан мен Молдова матчынан не күтетінін айтты, деп хабарлайды ASnews.kz Moldfootball.com сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасының айналасындағы қауесеттер туралы
«Баспасөзде үнемі белгілі бір жалған немесе тексерілмеген ақпараттар пайда болып тұрады. Мен қазір бос емеспін – «Ордабасымен» келісімшартым бар, оны соңына дейін орындауым керек. Сондықтан қауесеттерге түсініктеме берудің қажеті жоқ. Қазақстан футбол федерациясының басшыларымен нақты сөйлесуге дейін барған жоқпыз».
Қазақстан—Молдова матчы
«Мен өте тартысты ойын күтемін. Турнирлік кестеге қарайтын болсақ, ешкімге шегінуге болмайды: екі команда да жарысты бастағалы бері бір-бір ұпайдан жинаған. Бұл шешуші матчтардың бірі болмақ. Ең алдымен, Молдова мықты қарсыластың алаңында оң нәтижеге қол жеткізу үшін сапалы футбол көрсетуі тиіс. Матчтың тағдырын ұсақ-түйек бөлшектер, сондай-ақ ойыншылардың осындай қысқа мерзім ішіндегі үшінші ойынға қандай физикалық жағдайда келетіні шешеді».
Қазақстандық таланттар туралы
«Қазақстан құрамасында жеке шеберлігі мықты футболшылар бар, бірақ ең алдымен бұл – мықты ұжым. Ойыншылар туралы айтар болсақ: өткен маусымда және биылғы жылдың бірінші жартысында, «Челсиге» ауысқанға дейін чемпионатта Дастан Сәтпаев қатты ерекшеленді. Бұл жас футболшыда өте жоғары деңгейде ойнап кету үшін бәрі бар. Оның ізімен жүре алатын жаңа есімдер де пайда болуда. Жасұлан Әмір – сондай ойыншылардың бірі. Үлкен футболдағы алғашқы қадамдарын ол дәл осы «Ордабасыда» жасады. Оған тек жақсылық тілеймін».
Чемпиондық талас
«Біз турнирлік кестеге қарамаймыз. Алда әлі төрт тур бар және біз сарапқа салынатын барлық 12 ұпай үшін күресеміз. Қысымға келетін болсақ, бұл – ең мықты командалардың артықшылығы: жарыс жолында болу және жүлделер үшін таласу. Футболда бұдан асқан не болуы мүмкін?»
Ұлттар лигасының үшінші турындағы Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы матч 2 қазанда «Астана Арена» стадионында өтеді. Екі команда да өз тобында бір-бір ұпайдан жинап, үшінші-төртінші орында тұр.
Андрей Мартиннің жетекшілігімен шымкенттік «Ордабасы» Қазақстан премьер-лигасының аяқталуына төрт тур қалғанда екінші орындағы «Қайраттан» төрт ұпай ұзап, көш басында тұр, сондай-ақ ел Кубогының финалына дайындалуда.
Ахмет Ержанов