Матч орталығы
Ұлттық құрамада жолы болмапты: Джон ван’т Схип дебюттік матчтарын қалай өткізген?
26 қыркүйек, 16:26

Фото: Джон ван 'т Схип
Бүгін Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымы аясында Фарер аралдарымен кездеседі. Бұл Джон ван’т Схиптің ұлттық құрамадағы дебюттік ойыны болайын деп тұр.
Осы тұста ASnews.kz тілшісі 62 жастағы нидерландтық маманның дебюттік матчтарына шолу жасады.
2009 – «Аякс» (1 матч)
Джон ван’т Схип бапкерлік мансабын 2009 жылы бастады. Ол кезде Марко ван Бастен қызметінен кеткеннен кейін «Аякстың» уақытша бас бапкері болып тағайындалды. Маусымның соңғы турында амстердамдықтар «Твентені» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша маманның уақытша бапкер ретіндегі алғашқы кездесуі жеңіспен аяқталды.
2010–2012 – «Мельбурн Харт» (57 матч)
2010 жылы ван’т Схип Австралияға аттанып, жаңадан құрылған «Мельбурн Харт» клубының алғашқы бас бапкері атанды. Команданың А-лигадағы алғашқы ресми ойынында «Харт» сырт алаңда «Сентрал Коуст Маринерске» қарсы шығып, 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
2012–2013 – «Гвадалахара» (23 матч)
2012 жылы нидерландтық маман Мексикаға аттанып, «Гвадалахараны» тізгіндеді. Оның жаңа командадағы алғашқы ресми кездесуі «Толукаға» қарсы өтті. «Гвадалахара» бұл матчта 1:2 есебімен жеңіліп, ван’т Схиптің Мексикадағы дебюті сәтсіз аяқталды.
2013–2017 – «Мельбурн Харт» (88 матч)
2013 жылдың соңында маман Австралияға қайта оралды. «Мельбурн Хартты» екінші рет тізгіндеген ван’т Схиптің алғашқы ойыны 2014 жылдың қаңтарында өтті. «Сентрал Коуст Маринерске» қарсы кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Кейін клуб атауын «Мельбурн Сити» деп өзгертті.
2017–2018 – «ПЕК Зволле» (57 матч)
2017 жылы ван’т Схип өз еліне оралып, «ПЕК Зволле» клубының бас бапкері атанды. Маманның дебюті бұл жолы өте сәтті өтті. Өз алаңында «Родаға» қарсы ойнаған «Зволле» қарсыласын 4:2 есебімен жеңді.
2019–2021 – Грекия құрамасы (26 матч)
2019 жылы ван’т Схип ұлттық құрама деңгейіндегі бапкерлік мансабын бастады. Ол Грекия құрамасының тізгінін қолға алды. Алғашқы ойында гректер Финляндиямен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
2023–2024 – «Аякс» (32 матч)
2023 жылы ван’т Схип «Аяксқа» тағы да уақытша бас бапкер ретінде оралды. Бұл жолы оның дебюті сәтті болды. Амстердамдық клуб өз алаңында «Фолендамды» 2:0 есебімен жеңді.
2025 – Армения құрамасы (4 матч)
2025 жылы Нидерланд маманы Армения ұлттық құрамасын басқарды. Алайда оның бұл қызметтегі алғашқы ойыны сәтсіз аяқталды. Армения өз алаңында Грузиядан 0:3 есебімен жеңілді.
2009 жылдан бері оның жаңа командадағы алғашқы матчтарында 3 жеңіс, 1 тең ойын және 4 жеңіліс тіркелген. Әсіресе ұлттық құрамадағы мансабы нашар басталып, Грекия және Армения құрамасындағы дебюттік ойындарында жеңілген екен.
Енді Қазақстан құрамасы үшін жаңа кезең басталмақ. Ван’т Схиптің ұлттық құрамадағы алғашқы ойыны Фарер аралдарына қарсы өтеді.
«10 сағат пен негізгі ойыншыларымыздан айырылдық»: Ван’т Схип – Фарермен болатын ойын туралы
Ернар Ламқадыров