Матч орталығы
Жоао Пауло: Қазақстан құрамасында ойнауым мүмкін еді, Адиевпен сөйлестім
17 қыркүйек, 18:05

Фото: Жоао Пауло
«Ордабасы» мен «Қайраттың» бұрынғы бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетуге қатысты ұсыныс түскенін айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Маусым қорытындысы бойынша үш жеке марапат жеңіп алып, оларды алу үшін Қазақстан футбол федерациясына бардым. Ол жерде ұлттық құраманың бас бапкері (Магомед Адиев – еск.) өзінің бапкерлер штабымен бірге жүр екен. Ол менен: «Жоао, Қазақстан құрамасында ойнауға батылың бара ма?» деп сұрады. Мен: «Бұл мен үшін үлкен мәртебе болар еді» деп жауап бердім. Біз барлық құжаттарды ресімдедік, қазір менде қажетті құжаттаманың бәрі бар.
Егер мен мұны жасап, бірақ құрамаға іліге алмай қалсам, демалыста үйге қайту үшін маған виза алуға тура келер еді. Ал бразилиялық төлқұжат көптеген елдерге еш кедергісіз кіруге мүмкіндік береді, қазақстандық төлқұжаттың мүмкіндігі шектеулілеу. Сөйтіп, бұдан түк шықпады, мәселе сол күйі қалды. Ал кейін мен жарақат алған кезде, мені құрамадан көргісі келген бапкер де кетіп қалды», – деді бразилиялық ойыншы Bate Pronto Natal арнасына берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, 38 жастағы бразилиялық шабуылшы 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін шымкенттік «Ордабасы» сапында өнер көрсетті. Кейінірек ол «Қайратқа» ауысып, алматылық клубта 4,5 маусым ойнады. Жалпы алғанда, Пауло Қазақстан премьер-лигасында 150 матч өткізіп, 75 гол соққан және 30 нәтижелі пас берген.
«Қайрат» құрамында Жоао Пауло екі рет Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алды, сондай-ақ ел Кубогы мен Суперкубогын иеленді. ҚПЛ-ға ауысқанға дейін шабуылшы Еуропада болгариялық «Ботев» пен «Лудогорец» клубтарының намысын қорғаған.
Әлім Динасылов