Топ матчтар
Арменияда Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схипке қатысты баға берілді
6 тамыз, 22:34

Фото: Джон ван 'т Схип
«Тобыл» мен «Тараздың» бұрынғы бас бапкері Вардан Минасян ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Джон ван ’т Схиптің Қазақстан ұлттық құрамасына тағайындалу ықтималдығына қатысты пікір білдірді.
Нидерландық бапкер армяндарды жаттықтырды: не дұрыс болмады?
«Ван ’т Схиптің Арменияда неге сәтті жұмыс істей алмағанын нақты айта алмаймыз. Меніңше, ол футболшылар мен тұтас ұлттың менталитетіне бейімделе алмады. Мәселе ұрпақ алмасуда емес – бізде жақсы құрама бар, одан жауынгерлік ұжым жасауға болады.
Нидерландық маманға сенім артқан Армения Футбол федерациясына да сұрақтар бар, өйткені бұған дейін ол Греция ұлттық құрамасымен де үлкен биіктерге жете қоймаған еді. Бірақ қайталап айтамын, бұл жерде мәдени айырмашылық үлкен рөл атқарды.
Мен өзім де құрамада жұмыс істедім, сондықтан білемін: осы халықтың өкілі болсаң, басымдыққа ие боласың. Ішкі процестерді түсінесің. Ал егер бұл шетелдік маман болса, оның белгілі бір тәжірибесі болуы керек, бірақ Джонда өкінішке орай ол болмай шықты», – деді Минасян.
Басқа үміткерлердің бэкграунды да мықты
«ҚФФ таңдауы неліктен Ван ’т Схипке түскенін айту қиын. Барлық «иә» мен «жоқты» сараптаған болар, бірақ кандидатуралар арасында шынымен де Канерва, Шмидт және Реграги болса, олар әлдеқайда жоғары деңгейдегі мамандар. Әсіресе, Мароккомен тамаша нәтижелерге қол жеткізген Валид».
Нүкте қоюға ерте ме?
«Бапкерді тағайындаған кезде тек тактикалық икемділікке ғана сүйенбеу керек. Көптеген факторларды ескерген жөн: футболдық философиясы, көзқарасы, әдістері және олардың командаға қаншалықты сәйкес келетіндігі.
Сенің үлкен есімің болуы мүмкін, бірақ сәйкес келмеуің ықтимал немесе керісінше: ортанқол бапкер болып, дәл осы жағдайда Қазақстанға пайдаң тиюі мүмкін. Саньольдің де Грузияға осылай келіп, нәтиже бергенін ұмытпаңыздар», – деп түйіндеді ол.
БАҚ мәліметтері бойынша 62 жастағы Джон ван ’т Схип Қазақстан ұлттық құрамасын басқарады. 2025 жылдың ақпанынан тамызына дейін «Аякстың» бұрынғы футболы Армения ұлттық құрамасын басқарып, төрт матчта бірде-бір жеңіске жете алмады.
Вардан Минасян да кезінде Армения құрамасын жаттықтырған, сондай-ақ алты рет өз елінің үздік бапкері атанған.
Әлишер Аманжол