Әли Әлиев – натурализация туралы: Бұл бюрократиялық процесс
08.06.2025 16:52

Фото: Әли Әлиев
Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Солтүстік Македониямен болатын ойын алдындағы баспасөз мәслихатында BorodAbata.kz тілшісі Әлім Динасыловтың натурализацияға қатысты сауалына жауап берді.
– Егер Қазақстанда кадр тапшылығы болса, неге біздің елге қатысы бар, қазір шетелде жүрген футболшыларды шақырмасқа? Бүгінде Еуропада ондай ойыншылар көп: «Хоффенхайм» мектебінен өтіп, Австрияда өнер көрсеткен Филипп Окс, Грекия Суперлигасындағы ОФИ клубында доп теуіп жүрген Илиас Хадзитеодоридис және Түркия Бірінші лигасында дебют жасаған Тимурхан Картал. Олардың барлығы да Қазақстан құрамасында ойнауға қарсы емес.
– Бұл мүмкіндікті ұлттық құраманың игілігі үшін пайдалануға болады. Егер бұл төлқұжат ауыстыруға келіп тірелетін бюрократиялық процедура болса, онда оларды шақырту оңай болмайды. Мұның да белгілі бір нюанстары бар. Паспорт алуға көп уақыт керек. Егер ойыншы Қазақстан құрамасында ойнауды қаласа, мұнымен өзі айналысуы керек. Барлығы бюрократия мен заңға келіп тіреледі.
Жоғарыда аты аталған Филипп Окс, Тимурхан Картал және Илиас Хадзитеодоридис бұған дейін Қазақстан құрамасында ойнауға дайын екендіктерін мәлімдеген болатын.