Матч орталығы
«Самұрық-Қазына»: тарихы, жетістіктері, спортқа қанша және қайда қаржы құйды, «Астана» ФК, «Барыс», Нұрлан Жақыпов
12 қараша, 19:45

Фото: «Самұрық-Қазына»
12 қарашада «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды. Қор он жыл бойы қазақстандық кәсіби спорттың басты демеушісі болған еді.
ASnews.kz бұл қандай құрылым екенін, оның клубтарға қанша қаржы құйғанын және қазір бұл ақшаның тағдыры не болып жатқанын түсіндіреді.
«Самұрық-Қазына» дегеніміз не?
2008 жылы президент жарлығымен құрылған Ұлттық әл-ауқат қоры. Жүз пайыз үлесі Қазақстан үкіметіне тиесілі акционерлік қоғам, негізінен еліміздің ең ірі мемлекеттік компанияларын басқаратын холдинг болып табылады.
Оның портфелінде еліміздің ең ірі компаниялары бар: «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz, «Қазақтелеком», «Самұрық-Энерго», KEGOC, «Қазпошта», «Тау-Кен Самұрық». Мұнай және газ, темір жол, атом, энергетика, байланыс, тау-кен өндірісі салаларын қамтиды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қор басқаруындағы активтер шамамен 88 миллиард долларды құрады, қордың ел ЖІӨ-дегі үлесі – 7,5%. 2024 жылы қор екі триллион теңгеге жуық салық төлеп, тағы 1,36 триллион теңгені дивидендтер мен әлеуметтік аударымдар түрінде берді – бұл республикалық бюджеттің барлық кірісінің 17%-ы.
Қорға спорт не үшін қажет болды?
«Самұрық-Қазына» арқылы Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстыратын төрт команданың басын біріктірген «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы қаржыландырылды. Олар: «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы және Astana Qazaqstan велокомандасы.
Спортқа қанша қаржы жұмсалды?
2013–2023 жылдар аралығында қор спорт клубтарына демеушілік көрсетуге 138 миллиард теңге бөлген.
Клуб | Сома |
«Астана» ФК | 50,1 млрд ₸ |
«Барыс» ХК | 48,8 млрд ₸ |
Велокоманда | 31,5 млрд ₸ |
«Астана» БК | 8 млрд ₸ |
Бұл тек қордың ғана ақшасы. Антикордың мәліметінше, алты жыл ішінде еліміздің 18 футбол клубына жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген, ал жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру бұқаралық спортқа жұмсалатын шығыннан тоғыз есе асып түскен.

Антикор нені анықтады?
2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің өте жоғары екендігі туралы мәлімдеді. Заңбұзушылықтар қатарында «өлі жандарға» төлем жасау және қосарланған қаржыландыру, бір көзден алу тәсілімен сатып алу, турагенттіктердің бағаны негізсіз өсіруі, тіркелмеген спорт түрлеріндегі жеңістер үшін сыйақы беру, жоқ штаттық бірліктерді ұстау бар. Жекелеген мәселе – спорт нысандарын тиімсіз шарттармен сатып, кейін оларды жаңа иелерінен қайта жалға алу фактілері.
Қаржыландыру қалай қысқартылды?
2020 жылдың қазан айында «Астана» ПКСК таратылып, клубтар тікелей қаржыландыруға көшірілді.
2025 жылдың жазында Туризм және спорт министрлігі кәсіби клубтарды бюджеттен қаржыландырудың шекті мөлшерін енгізді: футбол – 600 мың АЕК-ке дейін (шамамен 2,5 млрд теңге) және еурокубоктар үшін қосымша 200 мың АЕК-ке дейін, хоккей – 375 мың АЕК-ке дейін, қалған ойын түрлері – 120 мың АЕК-ке дейін. Негізгі құрам ойыншылары мен бапкерлер үшін жалақының шекті мөлшері – айына 500 АЕК, яғни шамамен 1,9 миллион теңге болып бекітілді.
2026 жылдың тамызында «Астана» БК кәсіби командасы жабылды: жылына 1,8 миллиард теңге қаржыландырыла тұра, сегіз жыл бойы плей-оффқа шықпаған команда соңғы маусымдағы 44 матчта небәрі екі рет жеңіске жеткен. Велокоманда 60%-ға қытайлық инвестордың қаражатына ауысты.
Қазір «Астана» ФК жағдайы қалай?
Клуб жеке мекеме ретінде тіркелген, оның құрылтайшысы – тікелей «Самұрық-Қазына» емес, Sport Qory қоры.

Бюджет біртіндеп қысқара берді: 2021 жылы 9,2 миллиард теңге, 2022 жылы – 4,8, 2023 және 2024 жылдары – 5,3 миллиардтан. Клубтың бұрынғы бас директоры Қайсар Бекенов айтқан ең табысты жылдардағы 10–11 миллиард теңгенің орнына, 2026 жылғы маусымға небәрі үш миллиард теңге бекітілді.
2026 жылдың күзінде «Астана» футболшылары кем дегенде үш айлық жалақының кешіктірілуіне ұжымдық шағым түсіріп, матчтарға шығудан бас тартуы мүмкін екендіктерін білдірді. 11 қыркүйекте клуб бұл мәселенің шешілгенін хабарлады, бірақ егжей-тегжейін ашып айтпады. 2026 жылғы маусымды команда 54 ұпаймен үшінші орында аяқтады.
2025 жылдың соңында спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвестор табылғанын және клуб 2026 жылы жекешелендірілетінін мәлімдеген. Алайда қараша айына дейін келісім жасалған жоқ.
Еске сала кетейік, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолының» басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын растады. Істің мән-жайы жарияланбады, тергеу амалдары жалғасуда, ұсталғандардың кінәсі әлі дәлелденген жоқ. ҰҚК тарапынан «Астана» футбол клубына ешқандай кінәрат тағылмады.
Ахмет Ержанов