Матч орталығы
«Ордабасы» Дастан Сәтпаевтың бапкерінен бас тартты
11 қараша, 08:52

Фото: Ники Хайен
Шымкенттік «Ордабасы» Андрей Мартинмен қоштасқаннан кейін жаңа бас бапкер іздеуді жалғастыруда, деп хабарлайды ASnews.kz.
Әлеуметтік желілерде ҚПЛ-2026 чемпионына ағылшындық «Бернлидің» бұрынғы бапкері Ники Хайеннің кандидатурасы ұсынылды, алайда клубтың ортақ иесі Бейбіт Әлібеков бұған үзілді-кесілді бас тартты.
46 жастағы Хайен «Бернлиге» биылғы жылдың шілде айында тағайындалып, қазан айында-ақ қызметінен босатылған болатын. Оның жетекшілігімен команда 14 матч өткізіп (екі жеңіс, бес тең ойын және жеті жеңіліс), әр ойында орта есеппен 0,79 ұпай жинады. Айта кетсек, маусымды «Бернли» сапында жалдау құқығымен өткізіп жатқан қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев бельгиялық маманның қол астында жеті матчта алаңға шықты.
Хайеннен бас тартқанына қарамастан, шымкенттік клуб басшылығына бельгиялықтардың трансферлік саясаты мен ойын стиліне деген көзқарасы қатты ұнайды. Қазіргі таңда клуб «Юнион Сент-Жиллуаздың» бұрынғы бапкерлерінің бірімен келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланды.
Әңгіме жас әрі әлеуеті толық ашылмаған футболшылармен жұмыс істей алатын, сондай-ақ трансфер нарығында заманауи технологияларды тиімді қолданатын маман туралы болып отыр.
Еске салсақ, «Ордабасы» клуб тарихындағы алғашқы алтын дубльді сыйлаған Андрей Мартинмен келісімшартты ұзарту туралы мәмілеге келе алмады. 52 жастағы маман команданы 2024 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келген еді.
Мартиннің басшылығымен «Ордабасы» жалпы саны 69 ресми матч өткізді (39 жеңіс, 15 тең ойын, 15 жеңіліс, доп айырмасы – 121:63). Әр ойындағы орташа ұпай көрсеткіші 1,91-ді құрады.
Бұған дейін ASnews.kz ҚПЛ-дың алтын жүлдегері жаңа бапкерге жылына 2 миллион еуроға дейін төлеуге дайын екенін хабарлаған болатын – бұл Қазақстан чемпионаты үшін бұрын-соңды болмаған сома. Дегенмен, үміткер өте сенімді болуы шарт, өйткені 2027/28 жылғы маусымда шымкенттіктер Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды.
Әлім Динасылов