Матч орталығы
Андрей Мартин: Қазақстанда қалуым да мүмкін
10 қараша, 22:01

Фото: Андрей Мартин (оң жағында)
Шымкенттік «Ордабасының» бұрынғы бас бапкері Андрей Мартин клубтағы жұмысын қорытындылап, тараптардың мерзімі аяқталып жатқан келісімшартты ұзартпау туралы кенеттен қабылдаған шешіміне түсінік берді, деп хабарлайды ASnews.kz Moldfootball.com сайтына сілтеме жасап.
– Біз клубпен бірлескен шешім қабылдадық. Енді біраз тынығып, мансабымдағы жаңа кезеңге дайындаламын. «Ордабасы» басшылығына осы тарихи жыл және маған білдірген сенімі үшін алғысым шексіз. Шымкент қаласына және керемет жанкүйерлеріне рақмет. Осы екі жыл ішінде қолдау көрсеткен Шымкент қаласының әкіміне жеке алғысымды білдіремін. Клубтың әрі қарай да өркендеуін және табыс тілеймін.
– Жағдай сырттай қарағанда біртүрлі көрінеді: бапкер екі трофей ұтты, басшылықтың нәтижеге көңілі толады, бапкердің өзі де жұмысына риза, бірақ тараптар қоштасу туралы шешім қабылдайды. Ынтымақтастықты жалғастыру үшін не жетіспеді?
– Кейде уақытында қоштасып, жақсы қарым-қатынаста қалған дұрыс. Мұны осы кезеңде қабылданған ең оңтайлы шешім деп ойлаймын.
– Келісімшарт чемпиондықтан кейін бірден ұзартылмаған кезде-ақ жанкүйерлер жағдайдың түсініксіз екенін жазған болатын.
– Бұл да келіссөздерге өз әсерін тигізді.
– «Ордабасы» танымал бапкерді шақырып, оған үлкен жалақы төлеуге дайын деген қауесеттердің негізі бар деп ойлайсыз ба?
– Бұл тек клубқа қатысты нәрселер. Басшылықтың келесі таңдауына түсініктеме бере алмаймын. Олар өздері не істеп жатқанын жақсы біледі.
– Басқа командалар сізбен байланысқа шықты ма?
– Әзірге бұған қатысты ештеңе айтқым келмейді. Қазір футболдан бір аптадай демалғым келеді. Содан кейін мансабымның келесі кезеңін талқылай бастаймыз.
– Қазақстанда қалып, басқа командада жұмыс істеу ықтималдығы қаншалықты жоғары?
– Қазақстанда өткізген барлық уақытымда өзімді тамаша сезіндім. Бұл керемет елде тағы бірнеше маусым өткізу мүмкіндігін жоққа шығармаймын.
Андрей Мартин шымкенттік клубты 2024 жылдың желтоқсанында тізгіндеп, бас бапкер қызметінде екі жыл жұмыс істеді. 52 жастағы молдовалық маманның жетекшілігімен «Ордабасы» 2026 жылғы маусымда тарихи триумфқа қол жеткізді. Команда Қазақстан премьер-лигасының алтын медальдарын жеңіп алып, Қазақстан Кубогының иегері атанды.
Мартин «Ордабасы» тізгінінде жалпы саны 69 ресми матч өткізіп, 39 жеңіске жетті, 15 рет тең түсіп, 15 мәрте жеңіліс тапты (соғылған және жіберілген доптар айырмасы 121:63). Әр ойындағы орташа ұпай көрсеткіші 1,91-ді құрады.
Мартин шетел чемпионатында топ жарған тарихтағы төртінші молдовалық маман атанды (Владимир Вебер, Сергей Дубровин және Иван Табанован кейін), сондай-ақ ҚФФ тарапынан 2026 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ресми түрде Қазақстанның үздік бапкері деп танылды.
Сондай-ақ Мартиннің «Ордабасыдан» кетуінің негізгі себебі белгілі болды.
Әлім Динасылов