Матч орталығы
«Ертісті» кім басқарады: павлодарлықтардың үш жаңа демеушісі туралы не белгілі
10 қараша, 12:12

Фото: «Ертіс» Павлодар ФК
Павлодарлық «Ертіс» басқарудың коммерциялық моделіне көшіп, үш жеке инвестормен меморандумға қол қойды. ASnews.kz авторы бұл қандай компаниялар екенін, немен айналысатынын және олардың клубқа қандай қатысы барын анықтап көрді.
«Павлодар өзен порты» АҚ – 50%
Атауына қарамастан, компанияның ЭҚЖЖ (ОКЭД) бойынша негізгі қызмет түрі – кеме қатынасы емес, су құрылыстарын салу. Басшысы – Қанат Батырханов.
Бұл – Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу нарығының ең ірі ойыншыларының бірі. BES.media мәліметінше, 2016 жылдан бері компания 287,3 млрд теңгеге мемлекеттік келісімшарттар алған (2025 жылғы тамыздағы жағдай бойынша). Ulysmedia да осыған жуық сандарды келтіреді: 2015 жылдан бері 298,7 млрд теңгеге 311 келісімшарт жасалған. 2023 жылғы түсімі – 25,9 млрд теңге, 2025 жылғы салық аударымдары – 4,27 млрд теңге.
2023 жылдан бастап компания Алматыда жалпы құны 67 млрд теңгеден асатын алты келісімшарт алды. 12,11 млрд теңгеге бағаланған Сайран көлін қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, жағалау ашылды. Құны 8 миллиардқа жуық Үлкен Алматы өзенінің арнасын абаттандыруды 2026 жылдың 30 мамырына дейін, ал 12,4 миллиардқа Үлкен Алматы каналын қайта жаңартуды 2026 жылдың күзінде аяқтау жоспарланған. Ең ұзақ жоба – 32,44 млрд теңгеге бағаланған ұзындығы 35 шақырымдық батыс кәріз коллекторы, оның құрылысы 2027 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.
2025 жылдың тамыз айында бірінші сатыдағы сот компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп таныды. Бірақ 2026 жылдың ақпанында апелляциялық саты бұл шешімнің күшін жойды, деп хабарлады Informburo мен BES.media.
Меншік құқығы сенімгерлік басқару арқылы ресімделген: 2012 жылдан бері акцияларды Долорес Пшембаева мен Анетта Сағынбекке тиесілі «San» ЖШС басқарады. Ал компанияның 2004 жылғы негізін қалаушысы – Мәжілістің экс-депутаты Мейрам Пшембаев.
2026 жылы порт клубқа 250 млн теңге аударып үлгерді және жыл соңына дейін тағы осыншама қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
«RR-CAPITAL» ЖШС — 25%
Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша негізгі қызмет түрі – өзге де отын түрлерінің көтерме саудасы. Басшысы – Ардақ Сыздықов.
Жіктеме бойынша қызметкерлер саны бес адамға дейінгі шағын кәсіпорындар қатарына жатады. 2024 жылғы салық аударымдары 5,7 млн теңгені құраса, компания үшін ең жоғары көрсеткіш 2021 жылы (23,3 млн теңге) тіркелген.
«Объединенная плодоовощная компания» ЖШС — 25%
Атауына қарамастан, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша негізгі қызмет түрі – жеке жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару. Басшысы – Жандос Нұралинов. Компания да қызметкерлер саны бес адамға дейінгі шағын кәсіпорындарға жатады. 2026 жылғы салық аударымдары 10,5 млн теңгені құраған.
Еске салсақ, 2020 жылдың мамыр айында «Ертіс» қаржылық қиындықтарға байланысты Қазақстан чемпионатынан шығып қалды, ал 2022 жылы банкрот деп танылды. Клубты қайта жаңғырту 2023 жылы басталды, бір жылдан кейін команда кәсіби футболға оралып, екі маусым ішінде Екінші лигадан ҚПЛ-ға дейінгі жолды жүріп өтті. 2026 жылғы маусымның қорытындысы бойынша павлодарлықтар 32 ұпай жинап, 12-орынға табан тіреді.
Айта кетейік, бұл реформа Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Жылдық инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңгені құрайды. Ал балалар және әйелдер футболын қаржыландыру мемлекет мойнында қала береді.
Ахмет Ержанов