Матч орталығы
«Ертіс» легионері: Командаларды қиын жағдайдан алып шығудан шаршадым
5 қараша, 12:02

Фото: Руслан Юденков
«Ертіс» клубының беларусьтік қорғаушысы Руслан Юденков Қазақстан Премьер-лигасының маусымын қорытындылап, «Ертіске» ауысуы жайлы және алдағы жоспарлары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ASnews.kz Bel.Football порталына сілтеме жасап.
«Атыраудағы» мәселелер туралы
«Иә, бұл мен үшін ең қиын маусым болды. Бәріне жыл басындағы белгісіздік себеп болған шығар. Оқу-жаттығу жиындары соңғы сәтке дейін кейінге шегеріліп, ақыры біз жиынға ең соңғы болып аттандық. Ол жақта не болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын (күледі). Күн сайын команданың болашағын, бапкердің қалатыны не кететіні туралы талқылайтынбыз.
Нәтижесінде, оқу-жаттығу жиындарын сәтсіз өткіздік. Кейін Түркістанға бас бапкерсіз келіп, жеті күн бойы өз бетімізше дайындалдық. Жаттығу жоспарын өзіміз жасап, соған сай жаттығып жүрдік. Осы тұста ұжымға ерекше алғыс айту керек. Барлығы жағдайды түсініп, бар күшін салды.
Николаевич (Владимир Чебурин – ред.) командаға келгенде жағдайды жақсы түсінді. Сондықтан ойын жүйесін қорғаныстан бастап құрды. Ол кезде әр ұпайдың маңызы зор болатынын, маусым соңында әрқайсысы алтынға бергісіз екенін жақсы білді. Сөйтсем, ол кісі көріпкел болған екен (күледі).
Осылайша, алғашқы жартыжылдық мен үшін статистикалық тұрғыдан ең мықты кезеңдердің бірі болды. Әсіресе, қорғаушы ретіндегі ойынымды айтып отырмын. Жалпы көрсеткіштерім де жаман болған жоқ. Мұның бәрі Николаевич таңдаған ойын стилінің арқасы».
«Ертіске» ауысуы туралы
«Маусымның екінші жартысы да өте ауыр өтті. Мен ойын жағынан лигадағы үздік командалардың бірі болған «Ертіске» келдім. Құрамдағы футболшылар да өте мықты еді. Алғашқы жаттығудың өзінде-ақ соған көзім жетті. Мұндағы деңгейдің мүлдем бөлек екенін түсіндім. Уақыт өте келе ұпай жинай бастаймыз деп ойладым. Алайда футболшылар бірінен соң бірі командадан кете бастады. Соның салдарынан мүлдем жаңа ұжым қалыптастыруға тура келді.
Нәтижелеріміз де тұрақсыз болды. Мұндай жағдайда біртұтас команда құру өте қиын. Дегенмен, бәріміз бірігіп, бұл міндетті еңсере алдық. Сондықтан биылғы жыл психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Тіпті, мансабымдағы ең қиын маусым шығар…
Маусым ортасында «Ертіске» ауысу мен үшін күтпеген жағдай болды (күледі). «Атырауда» бәрі жақсы еді. Ойын өрнегіме де, бапкер мен клуб басшылығының маған деген қарым-қатынасына да көңілім толатын. Соның арқасында басқа командалардан ұсыныстар түсе бастады. Олардың саны да аз болған жоқ.
«Атыраумен» келісімшартты ұзарту жөнінде келіссөз жүргіздік, бірақ ортақ мәмілеге келе алмадық. Содан кейін басқа клубқа ауысуға келісім беріп, «Ертіспен» келісімшарт мәселесін талқылай бастадым. Кейін «Атырау» қайтадан келіссөзге шықты. Бірақ мен ол кезде «Ертіске» сөз беріп қойған едім. Сондықтан шешімімді өзгерте алмадым.
«Ертіске» келген алғашқы айда күн сайын өзімнің дұрыс шешім қабылдағаныма күмәндандым. Бірақ қазір бұл клубқа ауысқаныма өкінбеймін. «Не болса да, қайырлысы болады» деген сөздің мағынасын барған сайын жақсырақ түсініп келемін. Маусымның соңы соның дәлелі (күледі).
Болашағы жайлы
«Жыл сайын жасым ұлғайып келеді. Бірақ шынымды айтсам, мотивациям да артып барады. Себебі мансабымды аяқтайтын уақыттың жақындап қалғанын түсінемін. Сондықтан әр ойынға алаңға соңғы рет шығатындай көңіл күймен барамын.
«Атырауға» қарсы матчтағы автоголдан кейін өзіме: «Егер қазір жағдайды өзгерте алмасам, биыл футболмен қоштасамын», – дедім. Бірақ тағдыр маған: «Әлі ерте, сәл күте тұр», – дегендей болды (күледі). Сол жағдай келесі жылы да міндетті түрде ойнайтыныма белгі болған шығар.
Физикалық дайындығыма келсек, бәрі жақсы. Тіпті, матчтар мен жаттығулардағы көрсеткіштерімізді тіркейтін GPS-датчиктер де бабымның жақсы екенін көрсетіп жүр. Бір ойында 13 шақырымнан астам жүгірдім. Бірақ сол матчта қарсылас бізді әбден қинап, ірі есеппен жеңілген едік.
Шынымды айтсам, болашағымның қалай болатынын әзірге білмеймін. «Ертіспен» бұл мәселені әлі талқылаған жоқпыз.
Келесі жылы жүлделі орындар үшін күрескім келеді. Командаларды қиын жағдайдан алып шығудан шаршадым (күледі). Әлде бұл менің маңдайыма жазылған тағдыр ма екен… Қалай болғанда да, енді үлкен мақсаттар үшін күресуге лайықпын деп ойлаймын. Оның үстіне, бір клубтан екіншісіне ауыса берген де жалықтырды. Келесі жылы Қазақстанда қалатын шығармын. Қысқасы, әзірге белгісіз».
39 жастағы қорғаушы 2026 жылғы маусымның алғашқы бөлігінде «Атырау» сапында 12 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берген. Ал «Ертіс» құрамында 15 кездесуге қатысып, төрт гол соқты, екі ассист жасады.
Ернар Ламқадыров