Матч орталығы
«Ұпай алуға міндеттіміз»: «Қайрат» легионері «Панатинаикоспен» өтетін матч туралы
19 қазан, 09:34

Фото: Яакко Оксанен
Алматылық «Қайраттың» орталық жартылай қорғаушысы Яакко Оксанен ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан премьер-лигасының 23-турында павлодарлық «Ертісті» ірі есеппен (5:0) жеңген матчтың қорытындысын шығарып, алдағы еурокубоктық кездесуге деген көңіл-күйімен бөлісті.
«Бүгінгі матчтың лигадағы өткен ойынымыздан басты айырмашылығы – біздің ерте гол соққанымызда деп ойлаймын. Жылдам гол соққан кезде қарсыласқа алға ұмтылуға тура келеді, сол кезде тағы да гол соғуға көбірек бос кеңістік пайда болады. Біз бүгін дәл осылай жасадық. Бес гол – өте жақсы нәтиже», – деп атап өтті Оксанен.
Конференция лигасының жалпы кезеңінде грекиялық грандқа қарсы өтетін матч туралы сөз қозғаған футболшы өз алаңында ойнау факторының маңыздылығын алға тартты:
«Панатинаикос» дейсіз бе? Иә, үйдегі матчтар – ең маңыздысы. Сырт алаңда «Ригаға» қарсы еншілеген бір ұпай – жақсы бастама, бірақ өз алаңымызда мықты болып, қарсыластан ұпай алуға міндеттіміз».
Айта кетейік, ҚПЛ-дың 23-туры аясында «Қайрат» өз алаңында «Ертісті» 5:0 есебімен тас-талқан етіп, турнирлік кестедегі екінші орнын нығайта түсті. 22 қазанда алматылық клуб Конференциялар лигасының екінші туры аясында грекиялық «Панатинаикосты» қабылдайды.
«Желтоқсанда қайда шығатынымызды көреміз»: «Қайрат» капитаны «Ертісті» ұтуы және еурокубоктар туралы
Әлім Динасылов