Матч орталығы
Ақтөбе полициясы баннердің авторын тапты: Өзбекстан туына қатысты жанжал бойынша мәлімдеме жасалады
19 қазан, 13:43

Фото: Ақтөбелік жанкүйерлер жасаған баннер
«Ақтөбе» футбол клубы жақын арада шымкенттік «Ордабасыға» қарсы матч (1:3) кезінде жанкүйерлер көтерген атышулы баннерге қатысты ресми мәлімдеме жасайды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Белгілі болғандай, құқық қорғау органдары көршілес Өзбекстан елінің туын қарсыластарды кемсіту мақсатында қолданған плакаттың авторын анықтады. Қазіргі таңда полиция осы құқық бұзушылық ісіне қатысты тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетерлігі, «Ақтөбе» клубының тарихы мен бүгінгісі Өзбекстан футболымен тығыз байланысты. Мәселен, қазіргі таңда команданың қақпашылар бапкері қызметін Өзбекстанда дүниеге келген Жасур Нарзикулов атқарады.
Одан бөлек, әртүрлі жылдары «ақ-қызылдар» сапында Өзбекстан ұлттық құрамасының жарқын жұлдыздары өнер көрсетті. Түрлі кезеңдерде Ақтөбе намысын Игорь Сергеев (20 матч, жеті гол), Александр Гейнрих (74 матч, 19 гол), Марат Бикмаев, Тимур Кападзе (95 матч, 16 гол), Жафар Ирисметов, Алексей Николаев, Олег Сабиров сияқты танымал футболшылар қорғаған. Клуб тарихындағы бұл фактілер кейбір жанкүйерлердің стадиондағы әрекетін одан сайын түсініксіз әрі қолайсыз етіп отыр.
Еске салайық, ҚПЛ-дың 23-турындағы кейінге шегерілген «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы матч қонақтардың жеңісімен (1:3) және үлкен даумен аяқталған болатын. Трибунадағы жанжалдан бөлек, ойын барысында бас төреші Антон Кучма бірнеше даулы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 73-минутта рефери Даниэль Сосаның голын қол тиді деген желеумен есепке алмай тастады. Ал 87-минутта «Ордабасы» капитаны Сергей Малыйдың дөрекілігі үшін қазақстандық қорғаушыны алаңнан қуудың орнына, зардап шеккен нигерлік шабуылшының өзіне сары қағаз көрсеткен еді.
Әлім Динасылов